Инвестор салған ерекше, заманауи үйлерді жақын күндері көре аласыз. Түркістан облысы әкімдігі мен «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» Қытай Халық Республикасының ірі өндірістік компаниясының арасында өзара тиімді серіктестік орнады.
Өткен жылы серіктестік байланысты бастаған қытайлық компания биылғы жыл басында Түркістан облысына арнайы келіп, өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысты. Қазіргі таңда «BNK GROUP LTD» ЖШС мен «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» арасында капсулалы үйлерді Түркістанда жинау және өндіру бойынша келісім жасалып, алғашқы үйлер дайындалды. Олар жақын арада өңірдегі «KHAN TAU» демалыс аймағына жөнелтіледі.
Шаньдун – Қытайдың солтүстік-шығысындағы тарихи және экономикалық әлеуеті зор аймақ. 2023 жылғы көрсеткіш бойынша өңірдің жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 9 триллион юаньнан асып ($1,3 триллион), ел бойынша алғашқы үштікке енді. Бұл өңірдің ғылым, экспорт, өндіріс, көлік инфрақұрылымы салаларындағы қарқынды дамығанын көрсетеді.