ОРДАБАСЫ: ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЗАРДАБЫ – ҰРПАҚ ЖАДЫНДАҒЫ ӨШПЕС ТАРИХ



31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Ордабасы аудандық Мәдениет үйінде «Зұламат жылдар ұрпақтар есінде» атты тағылымды еске алу кеші өтті. Ел тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі – жазықсыз жапа шеккен арыстардың тағдырын ұлықтауға арналған шара жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух пен тарихи сананы қалыптастыруды мақсат етті.

Тағылымды жиынды «Ордабасы оттары» газетінің редакторы Нүриддин Шәмшіұлы жүргізіп, ХХ ғасырдың қаралы кезеңдеріндегі қасіретті оқиғалар мен халқымыз бастан өткерген нәубет жылдардың зардаптары жөнінде кеңінен әңгіме өрбітті. Кеш барысында тоталитарлық жүйенің құрбаны болған ұлт зиялыларының өмір жолы мен ел тәуелсіздігі жолындағы күресі туралы әсерлі ойлар айтылды.

Іс-шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов ел басына күн туған қиын кезеңдерді ұмытпау – бүгінгі тәуелсіз ұрпақтың қасиетті міндеті екенін атап өтті.

– Тарихын таныған елдің болашағы баянды болады. Біз өткеннің қасіретін ұмытпай, жазықсыз жапа шеккен азаматтардың ерлігі мен рухын кейінгі буынға жеткізуіміз керек. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін маңызды тағылым, – деді ол өз сөзінде.

Кеш барысында саяси қуғын-сүргін құрбаны болған азаматтың ұрпағы О. Үндемесов әкесінің өмір жолына қатысты жүрек тебірентер естеліктерімен бөлісті. Ол ата-бабалардың көрген тауқыметі мен төзімі бүгінгі ұрпақ үшін үлкен сабақ екенін айтып, өткен тарихқа тағзым ету – перзенттік парыз екенін жеткізді.

Сонымен қатар, ардагер Лесбек Жүсіп халқымыз бастан кешкен нәубет жылдардың ауыр зардаптары туралы ой қозғап, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің қадірін терең түсінуге шақырды. Оның тағылымды әңгімесі көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Тағылымды кеш аясында арнайы дайындалған еске алу бейнеролигі көрсетіліп, аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері тақырыпқа сай патриоттық рухтағы өлең шумақтарын оқыды. Жазықсыз жазаланған арыстардың рухына тағзым ретінде орындалған әндер мен күйлер де көпшіліктің жүрегіне жол тапты.

Іс-шара барысында қатысушылар Алаш арыстарының ел үшін атқарған еңбегі мен ұлт тәуелсіздігі жолындағы күресін ерекше құрметпен еске алды. Себебі бүгінгі бейбіт өмір мен егемендік – сол боздақтардың арман-мұраты мен жанқиярлық еңбегінің жемісі.

Тәуелсіздік – бабалар аңсаған қасиетті ұғым. Сондықтан ел тарихындағы зұлмат жылдардың шындығын ұмытпай, оны жас ұрпақтың санасына сіңіру – маңызды міндеттердің бірі. Өткеннен тағылым алған ұрпақ қана елін сүйетін, жерін қорғайтын нағыз отансүйгіш азамат болып қалыптасады.

Осындай тағылымды кездесулер жастардың тарихи санасын қалыптастырып қана қоймай, ұлттық рухты күшейтіп, елге деген сүйіспеншілікті арттыра түседі. Жазықсыз құрбан болған арыстардың есімін ұлықтау – олардың аманатына адалдықтың белгісі.

Қазақ халқы небір қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерсе де, өзінің рухын жоғалтқан емес. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – сол еркіндік пен тәуелсіздіктің қадірін бағалап, ел бірлігін сақтау, мемлекеттің дамуына үлес қосу.

Ұлт тарихындағы қаралы кезеңдер ешқашан ұмытылмайды. Себебі өткенін ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр болмақ. Ал тарихтан тағылым алған елдің рухы әрдайым биік болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *