ТҮРКІСТАН: ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЗАМАНАУИ ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ



Бүгін Түркістан қаласында руханият пен білім саласы үшін маңызды тарихи оқиға орын алды. Облыс орталығында Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының жаңа заманауи ғимараты салтанатты түрде пайдалануға берілді. Аймақтың мәдени-рухани дамуына тың серпін беретін жаңа нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады.

Жаңа кітапхана ғимаратының ашылуы — тек мәдени нысанның іске қосылуы ғана емес, өскелең ұрпақтың білімге, кітапқа, рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Әсіресе Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында пайдалануға берілген бұл нысан өңір балаларына арналған ерекше сый болды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров биыл кітапхананың құрылғанына 65 жыл толып отырғанын атап өтіп, мерейтой қарсаңында жаңа ғимараттың ашылуы аймақ руханияты үшін үлкен тарихи маңызға ие екенін жеткізді.

— Кітапхана – тек кітап сақталатын орын емес. Бұл – ұлттың рухани қазынасы әрі тәрбиенің алтын бесігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында: «Тек кітап оқитын ұлт қана шын мәнінде интеллектуалды қоғам құра алады. Бұл – елдің рухани дамуының негізі» деп ерекше атап өткен болатын. Сондықтан балалар мен жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оларды рухани бай, білімді азамат етіп тәрбиелеу — болашаққа жасалған ең үлкен инвестиция, — деді өңір басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі кітапхананың бұрынғы ғимараты заман талабына сай келмегенін, осыған байланысты балалар үшін жаңа форматтағы интеллектуалды орталық құру бастамасы көтерілгенін айтты.

— Біраз уақыт бұрын кітапхананың ескі ғимаратының жай-күйімен танысып, оны толық жаңғыртып, балаларға арналған заманауи білім және шығармашылық орталығына айналдыру туралы арнайы бастама көтерген болатынмын. Бұл ұсынысты облыстық мәслихат депутаттары мен ел жанашырлары бір ауыздан қолдап, бүгінгі нәтижеге қол жеткіздік. Балаларымыздың болашағы үшін жасалған бұл игі істің маңызы зор, — деді Нұралхан Көшеров.

Жаңа кітапхана ғимараты толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда балалардың кітап оқып қана қоймай, жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін бірнеше функционалды аймақ қарастырылған. Атап айтқанда, кең әрі жарық оқу залдары, цифрлық кітапхана жүйесі, интерактивті кабинеттер, коворкинг алаңдары, шығармашылық және танымдық үйірмелерге арналған бөлмелер, сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған арнайы демалыс аймақтары жасақталған.

Кітапхана қорын цифрландыру, балалар әдебиетін кеңейту және жаңа технологияларды енгізу арқылы өңірдегі жас оқырмандарға сапалы қызмет көрсету көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ықпал етеді.

Салтанатты шара барысында зиялы қауым өкілдері мен кітапхана ардагерлері де сөз сөйлеп, жаңа ғимараттың ашылуы өңір мәдениеті үшін үлкен жетістік екенін атап өтті. Олар қазіргі таңда балаларды кітап оқуға баулу қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі екенін айтып, жаңа кітапхана осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың орталығына айналатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы — өңірдегі балалар әдебиеті мен рухани тәрбие саласындағы маңызды мәдени орталықтардың бірі. Көп жылдан бері жас ұрпақтың білімге құштарлығын арттырып келе жатқан кітапхана енді жаңа деңгейде қызмет көрсетпек.

Жаңа нысанның ашылуы Түркістан облысында мәдениет пен білім саласына көрсетіліп отырған қолдаудың айқын көрінісі болды. Бұл бастама — өскелең ұрпақтың саналы, білімді әрі рухани бай азамат болып қалыптасуына жасалған маңызды инвестиция.

«Derek.com.kz» ақпарат агенттігі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *