1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аясында Түркістан облысында «Жарқын болашақ – бақытты баладан басталады» тақырыбында дарынды оқушылармен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Еркін форматта өткен басқосу білім, ғылым, өнер және спорт салаларында үздік нәтиже көрсетіп жүрген талантты жастарды қолдауға және олардың пікірін тыңдауға арналды.
Кездесуге халықаралық және республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, шығармашылық және спорттық жарыстарда жеңімпаз атанған 40-қа жуық дарынды оқушы қатысты. Жастармен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жүздесіп, ашық әңгіме өрбітті.
Іс-шара барысында оқушылар өз жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтып, білім беру жүйесіндегі заманауи үрдістер, жастардың мүмкіндіктері, ғылым мен технологияның дамуы, шығармашылық пен спорттағы қолдау мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Еркін форматтағы кездесудің басты ерекшелігі – жастардың ой-пікіріне басымдық беріліп, олардың ұсыныстары мен бастамаларына ерекше көңіл бөлінуі болды.
Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев дарынды оқушыларды мерекемен құттықтап, олардың жетістіктері өңірдің ғана емес, тұтас елдің мерейін үстем етіп жүргенін атап өтті.
– Бүгін сіздермен осылай еркін форматта жүздесіп, ашық әңгімелесуге келгеніме өте қуаныштымын. Қасиетті Түркістан өңірі – ежелден білім мен ғылымның, мәдениеттің ошағы. Ал бүгінгі таңда сол тарихи мекеннің атын халықаралық, республикалық деңгейде танытып жүрген сіздер секілді жастарды көргенде, облысымыздың, еліміздің болашағы сенімді қолда екеніне нық сенемін. Әкімдік тарапынан біз сіздердің сапалы білім алып, спортта да, өнер мен ғылымда да биіктерді бағындыруларыңыз үшін барынша жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Бізге сіздердің де ойларыңыз, бүгінгі заманауи білім беру трендтеріне көзқарастарыңыз өте маңызды, – деді Еркебұлан Дауылбаев.
Сонымен қатар ол жастарға үлкен мақсаттарға жету жолында табандылықтың, үздіксіз ізденістің және уақытты тиімді пайдаланудың маңызын ерекше атап өтті.
– Алға қойған мақсатқа жету үшін ең алдымен білім алу керек. Үнемі ізденіп, үйреніп, оқудан жалықпау қажет. Кез келген жетістік табандылық пен еңбекқорлықты талап етеді. Әр қадамдарыңызды ойланып басып, уақыттарыңызды тиімді жоспарлай біліңіздер. Ата-анасының батасын алған баланың жолы ашық болады. Сол себепті ата-ананың ақ батасын алып, олардың үмітін ақтауға ұмтылыңыздар. Армандарыңыз айқын, мақсаттарыңыз биік болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Кездесу барысында оқушылар өздерінің ғылымға, технологияға, шығармашылыққа және спортқа деген қызығушылықтары туралы айтып, түрлі жобаларын таныстырды. Кейбірі халықаралық олимпиадалар мен байқауларда алған әсерлерімен бөліссе, енді бірі болашақта еліміздің дамуына үлес қосатын маман болуды армандайтындарын жеткізді.
Дарынды жастармен өткен бұл басқосу олардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар қалыптастыруына және шабыт алуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар оқушылар мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өз қабілеттерін дамытуға барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
Соңғы жылдары Түркістан облысында білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірде жаңа мектептер салынып, заманауи білім беру технологиялары енгізілуде. Сонымен қатар дарынды балаларды қолдауға бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылуда. Халықаралық білім додаларында топ жарып жүрген түркістандық оқушылардың жетістігі – осы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Жастармен еркін форматта өткен бұл кездесу – олардың ой-пікіріне құлақ асып, жаңа буынның көзқарасын түсінуге бағытталған маңызды алаңға айналды. Өйткені елдің ертеңі – білімді, бәсекеге қабілетті, рухы биік жастардың қолында.
«Жарқын болашақ – бақытты баладан басталады» атты тағылымды кездесудің басты мәні де осында. Баланың бақытты болуы – оның сапалы білім алып, өз қабілетін дамытуына мүмкіндік жасалуымен өлшенеді. Ал мемлекет пен қоғам тарапынан көрсетілген қолдау жас ұрпақтың үлкен белестерді бағындыруына жол ашады.
