ҚЫТАЙ ТӘЖІРИБЕСІ ӨҢІРДІ КӨГАЛДАНДЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ЖОЛ АШАДЫ



Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында әлемдік деңгейдегі жетекші компаниялармен маңызды келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде өңір экономикасына тың серпін беретін жаңа инвестициялық жобалар пулы қалыптасты. Бұл бастамаларды жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек бастаған делегация Қытайдың бірқатар ірі кәсіпорындарын аралап, олардың өндірістік әлеуетімен және жұмыс тәжірибесімен танысты. Сапардың маңызды бағыттарының бірі – Қытайдағы ең ірі көгалдандыру және сәндік өсімдіктер сауда орталықтарының бірі саналатын «Мулань Ханьбэй» гүлдер, өсімдіктер және ағаштар нарығын зерделеу болды. Делегация кешеннің жұмысымен жан-жақты танысып, аталған тәжірибені Түркістан өңірінде іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. «Мулань Ханьбэй» кешені Қытайдағы гүл өсіру, сәндік бағбандық және ландшафтық көгалдандыру саласының негізгі сауда алаңдарының бірі болып саналады. Мұнда өндірушілер, тұқымбақтар, ландшафт дизайнерлері, сауда ұйымдары мен сатып алушылар бір орталыққа шоғырланған. Кешен аумағында жүздеген павильон мен жеткізуші жұмыс істейді. Олар қалаларды көгалдандыруға, саябақтар мен демалыс аймақтарын абаттандыруға, тұрғын үй кешендері мен коммерциялық нысандарды сәндеуге арналған өсімдіктер мен қажетті құрал-жабдықтардың кең ауқымды түрлерін ұсынады. Нарықта сәндік ағаштар, қылқан жапырақты көшеттер, гүлдейтін бақша өсімдіктері, бөлме гүлдері, маусымдық гүлдер, бонсай композициялары, су өсімдіктері, көгал шөптері, бақша декоры, суару жүйелері және көгалдандыруға арналған заманауи техникалар сатылады. Сапар барысында облыс делегациясы ірі ағаштарды өсіру мен тасымалдаудың тиімді технологияларымен, көшет логистикасын ұйымдастыру тәжірибесімен, өнім сапасын бақылау жүйелерімен және көгалдандыру саласындағы инновациялық шешімдермен танысты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *