Түркістан облысында инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа жобаларды іске асыру мәселелерін талқылауға арналған кезекті инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті.
Күн тәртібінде биыл жүзеге асырылатын 10-нан астам инвестициялық жобалардың өзекті мәселелерін шешу жолдары талқыланып, инвесторлар мен жауапты мекеме өкілдерінің есептері тыңдалды. Негізгі мақсат – жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету және туындаған мәселелерді жедел шешу.
Жиында Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» индустриалды аймағында салынып жатқан «Нұрқағаз Х» ЖШС-нің қағаз өндіру зауытының құрылысы талқыланды. Инвестициялық құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жобаның өндірістік қуаттылығы екі кезең бойынша жылына 60 мың тонна қағаз өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда әкімшілік-тұрмыстық кешен, өндірістік қоймалар және бақылау-өткізу пунктінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жер қазу және бетон құю жұмыстары толық аяқталып, металл конструкцияларды орнату жалғасуда. Қажетті құрал-жабдықтар толықтай Қытай Халық Республикасынан сатып алынған. Жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстары 80 пайызға орындалды.