Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары нақты нәтижелерін бере бастады. Сапар аясында жүргізілген келіссөздердің жалғасы ретінде бүгін Түркістан қаласында Қытайдың жетекші өндірістік компанияларының бірі – Henan Sulipu Cable Co., Ltd. компаниясының өкілдерімен маңызды кездесу өтті. Кездесуде Түркістан облысында кабель өнімдерін өндіру және түсті металдарды терең өңдеу жөніндегі ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Жалпы инвестиция көлемі 8,5 млрд теңгені құрайтын жоба өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа өндіріс орындарын ашуға және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерге инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және экономиканы әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысы өндірістік-инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы өңір ретінде қалыптасып келеді. Біздің мақсатымыз – шикізат экспорттаумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірістерді дамыту. Бүгінгі жоба осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Түркістан облысына инвестиция салу арқылы инвесторлар Қазақстан нарығымен қатар Орталық Азия, Қытай, Ресей және Еуропа бағыттарына шығу мүмкіндігіне ие болады. Біз әрбір инвестордың бастамасын қолдауға және жобалардың табысты жүзеге асуына барлық жағдай жасауға дайынбыз. Бұл өндіріс өңір экономикасының дамуына ғана емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы өндірістік кооперацияны жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді, – деді облыс әкімі.