Түркістан облысы – тарихы терең, тағылымы мол, руханияттың алтын бесігі саналған қасиетті мекен. Бұл өңір ежелден түрлі ұлт пен ұлыстың, мәдениет пен дәстүрдің тоғысқан жері ретінде ерекшеленіп келеді. Осындай алуан түрліліктің ішінде татулық пен тұрақтылықты сақтап қалу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті деп есептеймін.
Менің ойымша, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылық ең алдымен адамдар арасындағы өзара құрметтен басталады. Бір ауылда, бір көшеде, бір ұжымда өмір сүріп жатқан адамдардың бір-біріне түсіністікпен қарауы, қиын сәтте қолдау көрсетуі – үлкен тұрақтылықтың негізін қалайды. Түркістан облысында бұл құндылықтар күнделікті өмірде анық байқалады. Әсіресе, көпұлтты ортада бейбітшілік пен келісімнің сақталуы – өңірдегі қоғамдық сананың жоғары деңгейде қалыптасқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда әлемдегі геосаяси жағдайлар, ақпараттық кеңістіктегі түрлі ықпалдар қоғамның ішкі тұрақтылығына әсер ететін факторларға айналып отыр. Осындай кезеңде ел ішіндегі ауызбіршіліктің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Түркістан облысының тұрғындары бұл жауапкершілікті терең сезінеді деп ойлаймын. Себебі бұл өңірдің халқы бірліктің қадірін жақсы біледі. Қай кезде де қиындықты бірге еңсеріп, қуанышты бірге бөлісіп келе жатқан жұрттың ынтымағы – өңірдің басты байлығы.
Қоғамдық тұрақтылықты сақтауда ақсақалдардың ақылы, аналардың тәрбиесі, жастардың саналы көзқарасы ерекше рөл атқарады. Үлкендер ұрпаққа сабыр мен парасаттың үлгісін көрсетсе, жастар қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Бүгінде Түркістан облысында жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп, олардың білім алуына, жұмыс істеуіне, кәсіп бастауына барлық жағдай жасалуда. Бұл да тұрақтылықты нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі.
Сондай-ақ қоғамдық келісімді сақтау ісінде азаматтық қоғам өкілдерінің, еріктілердің, қоғамдық ұйымдардың атқарып отырған жұмысы орасан. Олар халықпен тығыз байланыс орнатып, қоғамдағы өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыратын маңызды қадам.
Түркістан облысында соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобалар да халықтың әл-ауқатын жақсартып, тұрақтылықты күшейтуге өз үлесін қосып отыр. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, инфрақұрылымның дамуы, ауыл-аймақтардың жаңаруы – мұның бәрі тұрғындардың болашаққа деген сенімін арттырады. Ал сенім бар жерде тұрақтылық та берік болады.
Бірлік – жай ғана ұғым емес. Ол – күнделікті әрекеттен, қарым-қатынастан, жауапкершіліктен көрінетін өмірлік қағида. Егер әр азамат өз ісіне адал болып, қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылса, ел ішіндегі тұрақтылықтың іргесі одан әрі беки түседі. Түркістан облысының әрбір тұрғыны осыны терең түсінеді деп сенемін.
Бүгінгі таңда ең маңыздысы – ел ішіндегі татулықты сақтау, арандатушылық пен алауыздыққа жол бермеу. Әсіресе әлеуметтік желілер дәуірінде жалған ақпаратқа ермей, саналы түрде сараптай білу – әр азаматтың міндеті. Өйткені тұрақтылыққа қауіп төндіретін дүниелер кейде көзге көрінбей-ақ, ақпарат арқылы әсер етуі мүмкін.
Мен үшін Түркістандағы бірлік пен тұрақтылық – тек бүгінгі күннің жетістігі ғана емес, болашақ ұрпаққа аманат етілетін баға жетпес құндылық. Осы құндылықтарды сақтау жолында әрқайсымыз белсенділік танытып, қоғам алдындағы жауапкершілігімізді сезінуіміз қажет.
Түркістанның берекесі – елдің бірлігінде. Ал бірлік пен тұрақтылық бар жерде даму да, өркендеу де, жарқын болашақ та болады. Сондықтан татулықты ту етіп, тұрақтылықты тірек еткен қоғам ғана биік белестерді бағындыра алады.
Р.Нарымбетова
ҚР Журналистер Одағының мүшесі