4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Ордабасы ауданында елдік рухты асқақтатып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған тағылымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Атаулы күн аясында аудан орталығы Темірлан ауылында бой көтерген жаңа «Рәміздер аллеясы» салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ел тәуелсіздігінің басты белгілеріне арналған бұл нысан аудан тұрғындары үшін рухани маңызы зор қоғамдық кеңістік ретінде ашылып, мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың біріне айналды.
Салтанатты рәсімге Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары Ғани Райымбеков пен Дулат Әбіш, ардагерлер, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар және аудан тұрғындары қатысты. Мерекелік шараға жиналған көпшілік елдің тәуелсіздігін айшықтайтын мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, ортақ құндылықтарды дәріптеуге арналған іс-шараның куәсі болды.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтеру рәсімімен басталды. Көк байрақтың көкке көтеріліп, Мемлекеттік Әнұранның асқақ орындалуы жиналған жұртшылықтың бойында ерекше мақтаныш сезімін оятып, елдік пен бірліктің айқын көрінісіне айналды. Қатысушылар Әнұранды бір кісідей орындап, тәуелсіз Қазақстанға деген құрметтері мен адалдықтарын білдірді.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Азат Оралбаев аудан тұрғындарын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл мерекенің тарихи әрі тәрбиелік маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздер – халқымыздың ғасырлар бойғы азаттық жолындағы арманын бейнелейтін қасиетті белгілер, ұлттық бірлік пен тәуелсіздіктің мызғымас нышандары.
– Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың рухын көтеретін, егемендігімізді әлемге танытатын басты құндылықтар. Әрбір азамат бұл қасиетті рәміздерді құрметтеп, олардың мәні мен маңызын терең түсінуі тиіс. Әсіресе жас ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті, елге қызмет ету жауапкершілігін және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай игі бастамалар ұлттық бірлікті нығайтып, патриоттық рухты күшейтуге қызмет етеді, – деді аудан басшысы.
Шара барысында ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрген бірқатар азамат аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапат иелеріне олардың ауданның қоғамдық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтылып, алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тілінді.
Мерекелік кештің көркін аудан өнерпаздарының патриоттық бағыттағы концерттік бағдарламасы аша түсті. Өнерпаздар елге, туған жерге және мемлекеттік рәміздерге арналған патриоттық әндерді орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар ұлттық рухты дәріптейтін музыкалық шығармалар мен сахналық қойылымдар мерекенің мазмұнын байытып, қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді.
Жаңадан пайдалануға берілген «Рәміздер аллеясы» заманауи сәулеттік талаптарға сәйкес салынған. Аллея аумағында мемлекеттік рәміздерге арналған арнайы алаң, көркем жарықтандыру жүйесі, түрлі түсті субұрқақ, көгалдандырылған демалыс орындары, жаяу жүргіншілер жолы мен тұрғындардың тынығуына арналған жайлы кеңістіктер қарастырылған. Нысанның сәулеттік келбеті мемлекеттік рәміздердің мәртебесін айқындайтын заманауи элементтермен үйлестіріліп безендірілген.
Айта кету керек, «Рәміздер аллеясының» құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп, нысан толықтай пайдалануға дайын күйде ел игілігіне тапсырылды. Жобаны іске асыру барысында қоғамдық кеңістіктің тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз болуына ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар көгалдандыру, абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары да кешенді түрде жүзеге асырылды.
Жаңа аллея алдағы уақытта аудан тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып қана қоймай, мемлекеттік мерекелер, патриоттық іс-шаралар, жастар акциялары мен тәрбиелік кездесулер өткізілетін маңызды қоғамдық кеңістік ретінде қызмет етеді. Мұнда мектеп оқушылары мен жастарға арналған танымдық шаралар ұйымдастырылып, мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңызын насихаттауға бағытталған жобалар жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
Соңғы жылдары Ордабасы ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қоғамдық кеңістіктерді көбейтуге және елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жаңа саябақтар, демалыс орындары, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы ауданның көркеюіне және тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне мүмкіндік жасауда. «Рәміздер аллеясының» ашылуы да осы игі бастамалардың заңды жалғасы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында пайдалануға берілген бұл жаңа нысан тәуелсіз Қазақстанның құндылықтарын ұлықтайтын, елдік сананы қалыптастыратын және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін маңызды рухани орталыққа айналмақ. Ел тарихын құрметтеу мен мемлекеттік рәміздердің мәртебесін көтеруге бағытталған осындай жобалар қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыра түсетіні сөзсіз.