Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні Түркістан қаласының тұрғындары үшін ерекше қуанышқа толы күн болды. Елдік мерекеге орай облыс орталығында 512 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Нәтижесінде үш мыңнан астам тұрғын қоныс тойын атап өтіп, жаңа өмірге қадам басты. Бұл игі бастама Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру және тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының өңірде жүйелі жүзеге асырылып жатқанын айқын көрсетті.
Жаңа баспаналардың кілтін табыстау рәсіміне арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды қуаныштарымен құттықтап, қоныс иелеріне ізгі тілегін жеткізді. Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс басшысы тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Бүгінгі қуаныш – жүздеген отбасының көптен күткен арманының орындалған сәті. Қазақ халқында «Үйі бардың – күйі бар» деген тағылымды сөз бар. Расында, баспана – әр шаңырақтың берекесі мен тұрақтылығының негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне әрдайым ерекше назар аударып келеді. Осы тапсырмаларды жүйелі жүзеге асырудың нәтижесінде Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жыл сайын мыңдаған азамат баспаналы болуда.
Өткен жылы өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 3564 пәтер берілсе, биыл тағы 2292 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгін соның алғашқы нәтижелерінің бірі ретінде 512 отбасы жаңа қонысқа ие болды. Бұл – көптеген отбасы үшін жаңа өмірдің бастауы, балалардың жарқын болашағына жасалған маңызды қадам.
Жаңа тұрғын үйлердің жайлы әрі көрікті болуы ең алдымен сол жерде тұратын тұрғындардың өз қолында. Сондықтан әрқайсыңызды аула тазалығын сақтауға, ағаш отырғызуға, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын. Бұл жерде сіздердің балаларыңыз өсіп, ойнап, тәрбиеленеді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдап, туған өлкеміздің көркеюіне барлығымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Баршаңыздың жаңа шаңырақтарыңызға құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Қоныстарыңыз құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Қоныс тойын тойлаған отбасылар Түркістан қаласындағы заманауи талаптарға сай салынған «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінен пәтер алды. Жаңа баспаналар әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға, көпбалалы отбасыларға және тұрғын үйге аса мұқтаж тұрғындарға берілді. Кең әрі жайлы пәтерлер қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, ал тұрғын үй кешенінің аумағында балалар ойын алаңдары, демалыс аймақтары мен көгалдандырылған қоғамдық кеңістіктер қарастырылған.
Жаңа қоныс иелері мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, көптен күткен армандарының орындалғанын ерекше толқыныспен жеткізді. Олардың айтуынша, жеке баспананың болуы – тек материалдық қолдау ғана емес, отбасының болашағына деген сенімді арттыратын маңызды әлеуметтік мүмкіндік. Әсіресе көпбалалы және әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтар үшін бұл күн өмірлеріндегі ең қуанышты әрі есте қаларлық сәттердің біріне айналды.
Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Жаңа тұрғын үй кешендерінің салынуы халықтың баспанаға деген сұранысын азайтып қана қоймай, өңірдің сәулеттік келбетін жаңғыртуға, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жаңа тұрғын үйлер кезең-кезеңімен пайдалануға берілмек.
Айта кету керек, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үй заңнамасына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Жаңа тәртіпке сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, тұрғын үй кезегін жүргізу және баспаналарды бөлу функциялары толықтай «Отбасы банк» АҚ-ға берілді. Бұл өзгерістер тұрғын үйді бөлу жүйесінің ашықтығын арттырып, барлық процесті бірыңғай цифрлық платформа арқылы жүргізуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік рәміздер күні жаңа пәтердің кілтін алған тұрғындар – осы жаңартылған жүйе бойынша «Отбасы банк» арқылы іріктеліп, жолдама алған алғашқы азаматтардың қатарын құрады. Бұл тұрғын үй саласындағы реформалардың іс жүзінде жүзеге аса бастағанының нақты көрінісі саналады.
Жалпы, Түркістан облысында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа тұрғын үй жобаларының арқасында жыл сайын мыңдаған отбасының баспана мәселесі шешімін табуда. Бұл халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі болып табылады.
Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған бұл қоныс тойы жүздеген отбасы үшін ұмытылмас қуанышқа айналып, ел тәуелсіздігінің басты құндылықтарының бірі – әр азаматтың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстың жарқын көрінісін паш етті.