ТҮРКІСТАН: ӨҢІРЛІК ПАТРИОТТАР ФОРУМЫНДА ЕҢБЕК АДАМДАРЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ



Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай өңірлік Патриоттар форумы өтті. Елдік құндылықтарды дәріптеуге, мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыруға және қоғамның түрлі саласында табысты еңбек етіп жүрген азаматтарды ұлықтауға арналған маңызды іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, құқық қорғау және кәсіпкерлік саласының мамандары, сондай-ақ белсенді жастар қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздердің тарихи және рухани маңызын кеңінен насихаттау, елдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдарын құрметтеу, жастардың бойында патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Сонымен қатар қоғамның әртүрлі саласында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтардың жетістіктерін көпшілікке үлгі ету арқылы еңбекке деген құрметті арттыру көзделді.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының құрметпен сахна төріне шығарылып, Мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталды. Форумға қатысушылар Әнұранды бірге орындап, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін білдірді. Бұл сәт тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарына деген ортақ құрметтің және ел бірлігінің айқын көрінісіне айналды.

Форум барысында сөз сөйлеген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жиналған қауымды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл мерекенің ел тарихындағы ерекше орнына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздіктің басты белгілері ғана емес, халықтың рухани тұтастығын, ұлттық бірегейлігін және елдің болашаққа деген сенімін айқындайтын қасиетті құндылықтар.

– Баршаңызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – елдігімізді, егемендігімізді және ұлттық бірлігімізді дәріптейтін маңызды күн. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Патриоттар форумы қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарды ұлықтайтын ерекше алаңға айналып келеді.

Бүгінгі форум аясында өз ісіне адалдық танытып, жоғары кәсібилігімен ерекшеленген, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталады. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз өңірдің өркендеуіне, халықтың әл-ауқатының артуына және еліміздің дамуына қызмет етіп келеді.

Түркістан облысында мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттау, жастарға патриоттық тәрбие беру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл Ордабасы, Мақтаарал және Сауран аудандарында жаңа Рәміздер алаңдарының пайдалануға берілуі – осы бағыттағы нақты жұмыстардың бірі. Бұл қоғамдық кеңістіктер жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, мемлекеттік рәміздердің маңызын тереңірек түсінуге ықпал етеді деп сенеміз, – деді Ертай Алтаев.

Форумда облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов те сөз сөйлеп, Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, қоғамның дамуы ең алдымен адал еңбек пен жауапкершілікке байланысты екенін атап өтті. Ол түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалау – қоғамдағы еңбек мәдениетін нығайтудың және жас ұрпаққа үлгі көрсетудің маңызды тетігі екенін айтты.

Патриоттар форумының ең маңызды бөлігінің бірі – өңірдің дамуына ерекше үлес қосқан еңбек адамдарын марапаттау рәсімі болды. Биыл арнайы марапаттарға өз кәсібіне адалдық танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген әртүрлі сала өкілдері ие болды.

Марапатталғандардың қатарында тұрғындардың денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен жедел медициналық жәрдем қызметінің жүргізушілері, жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беріп жүрген ұстаздар, мәдениет саласының қызметкерлері, құрылысшылар, кәсіпкерлер, халықаралық және республикалық жарыстарда ел намысын қорғаған спортшылар, төтенше жағдай кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген өрт сөндірушілер, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен заңдылықтың сақталуына үлес қосып жүрген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бар.

Әрбір марапат иесінің кәсіби қызметі өңірдің дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Олардың адал еңбегі, жауапкершілігі мен қоғам алдындағы қызметі өзгелерге үлгі болып, жастарды еңбекқорлыққа, елге қызмет етуге және өз мамандығын құрметтеуге үндейді.

Форум барысында қатысушылар еңбек адамының қоғамдағы орны мен рөліне ерекше тоқталып, қандай салада қызмет атқарса да адал еңбек елдің өркендеуінің басты кепілі екені айтылды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мен еңбекке деген жауапкершілік – тәуелсіз Қазақстанның тұрақты дамуына негіз болатын маңызды құндылықтар екені де кеңінен насихатталды.

Салтанатты марапаттау рәсімі патриоттық рухты асқақтататын концерттік бағдарламамен жалғасты. Өңір өнерпаздары туған жерге, ел бірлігіне, тәуелсіздікке және мемлекеттік рәміздерге арналған патриоттық әндер орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Концерттік бағдарлама форумның мазмұнын толықтырып, мерекелік атмосфераны одан әрі айшықтай түсті.

Жалпы, Түркістанда өткен өңірлік Патриоттар форумы мемлекеттік рәміздердің мәртебесін көтеруге, еңбек адамын ұлықтауға және жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған маңызды қоғамдық алаң болды. Мұндай іс-шаралар қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалауға, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарын кеңінен дәріптеуге зор үлес қосады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *