ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА 8 ЖЫЛДА 134 ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ



Түркістан облысында тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа сапалы әрі заманауи медициналық қызмет көрсету, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өңірде ауқымды жобалар іске асырылуда.

Облыс құрылған 2018 жылдан бері Түркістан өңірінде денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа медициналық нысандар салу және тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылды. Осы кезең ішінде облыста жалпы саны 134 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді.

Жаңа медициналық ұйымдардың ашылуы әсіресе ауыл тұрғындары үшін маңызды мүмкіндікке айналды. Себебі алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін нысандардың көбеюі халықтың тұрғылықты жеріне жақын жерде қажетті медициналық қызмет алуына жағдай жасап отыр.

Өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жыл сайын кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 2018 жылы бір дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, 2019 жылы 6 емхана, 1 дәрігерлік амбулатория және 1 қосымша ғимарат ел игілігіне тапсырылды. Бұл нысандар тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

2020 жылы заманауи талаптарға сай модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы іске қосылды. Аталған нысан өңірдің инфекциялық ауруларға қарсы күрес және медициналық қауіпсіздік жүйесін күшейтуге бағытталған маңызды жобалардың бірі болды.

2022 жылы денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт және облыстық жедел жәрдем станциясы пайдалануға берілді. Бұл кезеңде әсіресе шалғай елді мекендердегі медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға ерекше мән берілді.

2023 жылы өңірде 1 аудандық емхана, 3 дәрігерлік амбулатория және 13 фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Ал 2024 жылы құрылыс жұмыстарының қарқыны артып, 23 дәрігерлік амбулатория, 25 фельдшерлік-акушерлік пункт және 7 медициналық пункт тұрғындардың игілігіне берілді.

Медициналық нысандардың қатарын толықтыру жұмыстары 2025 жылы да жалғасын тапты. Түркістан қаласында балаларды оңалту орталығы ашылып, ерекше күтімді қажет ететін балаларға сапалы медициналық және оңалту қызметтерін көрсетуге мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 22 медициналық пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде облыста алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету жүйесі айтарлықтай нығайды. Әсіресе ауылдық елді мекендерде медициналық қызметтердің қолжетімділігі артып, тұрғындардың уақытылы тексеруден өтуіне, аурулардың алдын алуға және денсаулық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауына мүмкіндік пайда болды.

Жаңа медициналық нысандардың ашылуы тек ғимарат санын көбейту емес, сонымен қатар халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Заманауи талаптарға сай салынған амбулаториялар мен медициналық пункттер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, тұрғындарға жайлы жағдайда қызмет көрсетуге мүмкіндік беруде.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауымен денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамыту, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту және ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып келеді.

Биыл облыста денсаулық сақтау саласына қатысты 24 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт және 4 жедел жәрдем дислокациясы бар.

Жаңа нысандардың іске қосылуы өңірдегі медициналық көмектің сапасын одан әрі арттырып, тұрғындардың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін кеңейтеді. Әсіресе ауылдық жерлерде медициналық инфрақұрылымның дамуы халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі.

Сонымен қатар облыста денсаулық сақтау саласын цифрландыру, заманауи медициналық технологияларды енгізу және дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар медициналық көмектің тиімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Жалпы, Түркістан облысында соңғы жылдары салынған медициналық нысандар өңірдің денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға айтарлықтай үлес қосып отыр. Алдағы уақытта да жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы халыққа жақын, сапалы әрі қолжетімді медицина қалыптастыру жұмыстары жалғаса береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *