ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ӨҢІРДІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ



Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары, бюджет қаражатының тиімді игерілуі және алдағы кезеңге арналған басым міндеттер сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясында кеңінен талқыланды. Жиын барысында өңірдің даму қарқынына қатысты маңызды мәселелер қаралып, бірқатар стратегиялық шешімдер қабылданды. Депутаттар атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, облыстың одан әрі тұрақты дамуына бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.

2026 жылғы 24 маусымда өткен сессия жұмысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, аудандық және қалалық мәслихаттардың төрағалары, Кентау қаласы мен Сарыағаш ауданының әкімдері, облыстық басқармалар мен мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты. Бұл жиын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылайтын ашық әрі мазмұнды алаңға айналды.

Сессияны облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Күн тәртібіне енгізілген 27 мәселе өңірдің қаржы, экономика, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне қатысты өзекті бағыттарды қамтыды.

Жиын барысында облыс әкімдігі мен облыстық тексеру комиссиясының облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептері тыңдалып, бюджет қаражатының игерілу тиімділігіне жан-жақты талдау жасалды. Сонымен қатар кәсіпкерлік және сауда, мәдениет, мемлекеттік сатып алу, дін істері, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармаларының басшылары өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Сессияда Кентау қаласы мен Сарыағаш ауданының әкімдері де сөз сөйлеп, республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржының игерілу барысы, жүзеге асырылған жобалар және алдағы жоспарлар жөнінде мәлімет ұсынды. Депутаттар тарапынан көтерілген сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, өңірлердің даму қарқынын арттыруға қатысты ұсыныстар айтылды.

Барлық мәселелер жан-жақты талқыланғаннан кейін облыстық мәслихат депутаттары тиісті шешімдерді қабылдап, ұсынылған жобаларды қолдады. Бұл шешімдер өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуына бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.

Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров депутаттардың өңірдің дамуына қосып отырған үлесіне тоқталып, қабылданған шешімдердің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі сессияда қабылданған бастамалар Түркістан облысының ұзақ мерзімді даму стратегиясын жүзеге асыруға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Облыс басшысы жуырда Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына да тоқталды. Оның айтуынша, халықаралық деңгейдегі бұл маңызды іс-шара Мемлекет басшысының жоғары бағасына ие болып, Түркістан өңірінің халықаралық беделінің арта түскенін көрсетті. Президенттің облыс тұрғындарына білдірген ризашылығы өңірдегі ауызбіршілік пен бірлескен еңбектің нәтижесі екені атап өтілді.

Нұралхан Көшеровтің айтуынша, Түркістан облысында экономикалық даму көрсеткіштері де айтарлықтай жақсарған. Биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, бұл көрсеткішпен облыс республика бойынша бірінші орынға шыққан. Мұндай нәтиже өндіріс көлемінің артуы, инвестициялардың көбеюі, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктің дамуы және инфрақұрылымдық жобалардың жүйелі жүзеге асырылуының нәтижесі екені айтылды.

Өңір экономикасын дамытудың басты бағыттарының бірі – инвестиция тарту. Биыл Түркістан облысында инвестиция көлемі бойынша 1 триллион 783,9 миллиард теңге көлеміндегі индикатор бекітілген. Ал жылдың алғашқы бес айында өңірге 614,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 150,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1 миллиард 998,2 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл жылдық жоспардың төрт есеге жуық артық орындалғанын білдіреді. Аталған көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш бастап тұр.

Алдағы жылдары өңірде инвестициялық белсенділік одан әрі арта түседі деп күтілуде. Қазіргі таңда 2026–2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,8 триллион теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Бұл жобалар толық іске асырылған кезде өңірде 17 820 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде жалпы құны 608,9 миллиард теңге болатын, шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын 30 ірі инвестициялық жоба бар. Бұл жобалар іске қосылған кезде тағы 7 799 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Биылдың өзінде жалпы құны 369,4 миллиард теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба іріктеліп, олардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы басталған. Ал алғашқы бес айдың қорытындысы бойынша жалпы құны 42,4 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба толық іске қосылып, нәтижесінде 407 жаңа жұмыс орны ашылды.

Сессия барысында облыстық мәслихат депутаттары өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын беріп, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыру, бюджет қаражатының ашық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Қабылданған шешімдер Түркістан облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастыруға, инвестициялық әлеуетін күшейтуге және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *