ТҮРКІСТАН: ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫМЕН САЛЫНҒАН ЭКОБАҚ АШЫЛЫП, ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫ ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН АУҚЫМДЫ АКЦИЯ ӨТТІ



Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Қарашық өзенінің жағалауында бой көтерген «Түркістан» экобағы пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 50 гектарды қамтитын жаңа демалыс аймағы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортты дамытуға және өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.

Экопарктің ашылуымен қатар Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Жаңа Конституция – жастардың құқықтық мәдениеті: Тәртіпке тартыл» атты ауқымды қоғамдық акция өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрмет пен қоғамдық жауапкершілікті дәріптеу, сондай-ақ жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі маңызын кеңінен насихаттау.

Салтанатты жиынға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды жаңа экобақтың ашылуымен құттықтап, бұл нысанның өңір тұрғындары үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Санаулы күндерден кейін бүкіл ел болып қолдап, дауыс берген жаңа Конституция күшіне енеді. Осы тарихи құжатты қолдау мақсатында облыстың барлық аудан-қалаларында халықтың қатысуымен түрлі қоғамдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Бүгінгі акция – сол игі бастамалардың қорытындысы әрі заң үстемдігін дәріптейтін маңызды алаң. Түркістан жұртшылығы референдумға белсенді қатысып, ел бірлігі мен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы өңір халқына шынайы ризашылығын білдірді.

Президентіміз жаңа Конституция туралы: «Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Конституция еліміздің саяси және идеологиялық арқауы ретінде ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет етеріне сенемін», – деп атап өткен болатын. Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидаты жаңа Конституцияның басты ұстанымдарының біріне айналып отыр. Ал Президент тапсырмасымен салынған бұл экобақ – жай ғана демалыс орны емес, тұрғындардың денсаулығын нығайтып, табиғатпен үндес өмір салтын қалыптастыратын, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын жаңа қоғамдық кеңістік. Ата Заңымыз тәуелсіз Қазақстанның берік тұғыры болып, мемлекетіміздің өркендеуіне қызмет ете берсін, – деді облыс әкімі.

Шара барысында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиев пен қоғам белсендісі Ерболат Балғабаев сөз сөйлеп, жастарды заңды құрметтеуге, құқықтық мәдениетті нығайтуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және елдің дамуына белсенді үлес қосуға шақырды.

Бағдарлама аясында көрермен назарына «XIII Legion Street Workout» командасының әсерлі спорттық қойылымы ұсынылды. Одан кейін облыс көлемінде ұйымдастырылған «Tartipke tartyl» жобасының финалдық кезеңі өтіп, қатысушылар күш-жігері мен төзімділігін сынап, спорттық шеберліктерін паш етті. Бұл жарыс жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға серпін берді.

Жаңадан ашылған экобақ табиғи ерекшеліктерді сақтай отырып абаттандырылған. Мұнда өңір климатына бейімделген тұранғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштары отырғызылған. Демалыс аймағында төрт көпір, күн энергиясымен жұмыс істейтін 170 жарық шамы, үш волейбол және бір футбол алаңы, жалпы аумағы төрт мың шаршы метрді құрайтын балалар ойын алаңы, балық аулауға арналған үш арнайы жағалау, он бір от жағу алаңы, барбекю аймақтары, демалыс орындықтары мен табиғи тастан және ағаштан жасалған сәндік мүсіндер орнатылған. Құрылыс барысында экологиялық талаптарға сай, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін материалдар пайдаланылған.

Жаңа экобақтың іске қосылуы Түркістанның жасыл белдеуін кеңейтіп қана қоймай, қала тұрғындары мен туристер үшін тартымды демалыс кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жоба Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру және халықтың өмір сүру қолайлылығын жақсарту бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижесі болып саналады.

Мерекелік кештің соңы қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада Айдана Меденова, Ұшқын Жамалбек, Alem және өзге де өнерпаздар өнер көрсетіп, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй мен мерекелік әсер сыйлады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *