Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Түркістан облысында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және жасыл желек көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы мақсатта өңірде ауқымды жобалар қолға алынып, заманауи талаптарға сай жаңа тұқымбақтар құрылуда.
Солардың бірі – Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан заманауи тұқымбақ. Жоба облыс аумағындағы көгалдандыру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеріп, жергілікті жердің табиғи жағдайына бейімделген сапалы көшеттер мен гүл түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығындағы жаңа тұқымбақтың жұмысымен танысып, оның өндірістік әлеуетін арттыру бағытындағы жоспарларды саралады. Өңір басшысы нысанның инфрақұрылымын дамыту, көшет өндірісін ұлғайту және көгалдандыру жұмыстарына қажетті өсімдік түрлерінің көлемін арттыру жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жасыл аймақтарды көбейту, елді мекендерді абаттандыру және экологиялық жағдайды жақсарту міндетін қойды. Бұл бағытта бізде үлкен мүмкіндік бар. Осындай тұқымбақтарды тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудан-қалаларда дамытуымыз қажет. Бұл бір жағынан өңірлерді сапалы көшетпен қамтамасыз етсе, екінші жағынан өзге аймақтарға өнім жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды. Әрбір тұрғын өз ауласына ағаш отырғызып, табиғатты қорғауға үлес қосса, қоршаған ортаға оң әсер етеді. Соңғы жылдары Түркістан қаласының климатында да оң өзгерістер байқалып отыр. Бұл – көгалдандыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесі, – деді Нұралхан Көшеров.
«Түркістан қаласы аумағындағы тұқымбақ» жобасының жалпы құны 400 миллион теңгені құрайды. Нысанның жалпы аумағы 10 гектарды қамтиды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталған. Жобаны күтіп ұстау және өндірістік жұмыстарды ұйымдастыру міндеті «SK Geokart» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген.
Қысқа мерзім ішінде тұқымбақта ағаш және гүл көшеттерін өсіру жұмыстары жолға қойылып, алғашқы нәтижелер байқала бастады. Алдағы уақытта өндірістік қуатты арттыру мақсатында жылыжай аумағын кеңейту, ішкі жолдарды абаттандыру, табиғи газ және ауыз су желілерін тарту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар өсімдіктердің сапасын арттыру, жергілікті климатқа бейімделген жаңа түрлерді шығару мақсатында арнайы зертхана ашу көзделген. Нысанның суару жүйесін жетілдіру үшін Арыс–Түркістан су жүйесінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жоспарлануда.
Жоба толық қуатына шыққан кезде тұқымбақта жыл сайын шамамен 700 мың түп біржылдық гүл, 1 миллион түп жапырақты ағаш көшеті, 50 мың түп қылқанжапырақты ағаш және 100 мың түп көпжылдық гүл өсіріледі деп күтілуде.
Өндірілетін көшеттер Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы саябақтарды, гүлзарларды, көше бойларын және қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға бағытталады. Бұл өз кезегінде өңірді жергілікті өндірісте өсірілген сапалы көшеттермен қамтамасыз етіп, жасыл желек көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының еліміз бойынша 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында биыл 1 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланған. Көктемгі көгалдандыру маусымында өңір аумағында 332 мыңнан астам ағаш көшеті егілді.
Қазіргі таңда облыста 14 жергілікті тұқымбақ жұмыс істеп, қажетті көшеттерді өсіруде. Сонымен бірге жеке инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдегі жасыл аймақтарды көбейту, экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың ауқымын көрсетеді.
Жаңа тұқымбақ – Түркістан облысының экологиялық дамуындағы маңызды жобалардың бірі. Ол тек көшет өндіретін орын ғана емес, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға, қалалар мен елді мекендердің көркін арттыруға және болашақ ұрпақ үшін жасыл мекен қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бастама болып табылады.