ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ



Түркістан облысы әкімдігінің мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның штаб отырысы өтті. Жиында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жасөспірімдердің жан-жақты дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Отырысты облыс әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Ертай Алтаев ашып, жүргізді. Жиынға жауапты мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саланың өкілдері қатысты.

Ертай Алтаев өз сөзінде балалардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруге, сапалы білім мен тәрбие алуға, денсаулығын қорғауға және өз қабілетін толық дамытуға құқығы бар.

– Балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың әл-ауқатын арттыру – мемлекет пен қоғам алдындағы ортақ міндет. Әрбір балаға қолайлы жағдай жасау, оның заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау – біздің басты назарымызда болуы тиіс. Түркістан облысы әкімдігі жанындағы штаб мүшелері тарапынан кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға жан-жақты қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.

Балалардың құқықтарының бұзылуының алдын алу, олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау және болашаққа сеніммен қадам басуына мүмкіндік беру үшін жүйелі әрі кешенді жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы шаралар барлық мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен әрекетін талап етеді, – деді Ертай Алтаев.

Жиын барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі айтылды.

Отырыста 2026 жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстар мен орын алған жағдайларға қатысты талдау қорытындылары қаралды. Атап айтқанда, облыстық психологиялық қолдау орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Азиз Шамитдинов балаларға көрсетіліп жатқан психологиялық қолдау шаралары, жасөспірімдер арасындағы эмоционалдық жағдай және алдын алу жұмыстары туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктілік мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдын алу шаралары жөнінде ақпарат берді. Баяндама барысында жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, отбасы институтын нығайту және жастардың құқықтық сауатын арттыру мәселелеріне назар аударылды.

Жиында жазғы демалыс кезеңіндегі балалар қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Асхат Ержанов балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрттің және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Ал Түркістан облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ермек Өсербаев оқушылардың жазғы демалысы кезінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті сақтау және профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі мәліметтерді ұсынды.

Жиын барысында балалар арасындағы құқық бұзушылықтарды төмендету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайсыз жағдайларға тап болу қаупін азайту бағытындағы нақты ұсыныстар ортаға салынды. Қатысушылар балалармен жұмыс істеуде тек бақылау шараларымен шектелмей, алдын алу, түсіндіру және қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Отырысты қорытындылаған Ертай Алтаев барлық мүдделі мемлекеттік органдарға кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың, жазатайым оқиғалардың және өзге де келеңсіз жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ жауапты мекемелерге профилактикалық және құқықтық түсіндіру шараларын жүйелі түрде жүргізу, ата-аналармен байланысты нығайту, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру міндеті жүктелді.

Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы комиссия тарапынан тұрақты бақылауға алынатыны атап өтілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *