Мемлекет басшысы елордада қысқа мерзімде бой көтерген №23 жаңа өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты. Мұндағы өрт сөндірушілер 96 мыңнан астам тұрғыны бар Алматы ауданына қызмет көрсетеді. Бөлімнің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету аумағы: «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Әзірет Сұлтан мешіті және «Нұрлы жол» вокзалы секілді маңызды нысандар кіреді. Жаңадан жұмысын бастаған өрт сөндірушілер екі ай ішінде 200-ге жуық дабылға жедел шығып үлгерген.
Сапалы әрі тез құрастырылатын модульді материалдардан салынған өрт сөндіру депосы функционалдық тұрғыдан өте қолайлы. Ғимаратта жұмыс, диспетчерлік, демалыс бөлмелері, оқу сыныбы және ас үй қарастырылған. Жабық тұрақтың сыйымдылығы алты арнайы техникаға арналған.
Президентке құтқару және өрт сөндіру операцияларына арналған заманауи жабдықтар көрсетілді. Сондай-ақ биік ғимараттардағы өртті өшіруге пайдаланылатын дрондардың жұмысы таныстырылды.
Тоқаев жаңадан салынған екі қабатты жатақхананы аралап көрді. Сондай-ақ жатақханаға қоныстанған өрт сөндірушілердің отбасыларын құттықтап №23 жаңа өрт сөндіру бөліміне спорт жабдықтарын сыйға тартты.