ОНЛАЙН НЕСИЕ РӘСІМДЕУ ҚИЫНДАЙДЫ



2025 жылғы 1 қаңтардан бастап онлайн микроқарыздарды ресімдеу кезінде биометриялық сәйкестендірумен қатар, электрондық цифрлық қолтаңбаны міндетті бір мезгілде қолдану енгізіледі. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов депутаттардың сауалына берген жауабында хабарлады.

Бүгінде 700 мыңға жуық қазақстандық қарыз алудан ерікті түрде бас тарту құқығын пайдаланған.

Тимур Сүлейменов кредиторлардың тергеу іс-шараларын жүргізудің бүкіл кезеңіне сыйақы есептеуді және талап-арыз жұмысын тоқтата тұру бойынша міндеті көзделгенін еске салды.

«Банктер мен микроқаржы ұйымдары нақты уақыт режимінде кредитті ресімдеуге арналған өтініштер бойынша мәліметтерді кредиттік бюроға беру міндеті енгізілді. Онлайн микроқарыздарды ресімдеу кезінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап биометриялық сәйкестендіруді, сол сияқты электрондық цифрлық қолтаңбаны да міндетті бір мезгілде қолдану енгізіледі. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары үшін клиент ақша аударғанға дейін оған банктік шоттың немесе төлем картасының тиесілігін сәйкестендіру талап етіледі», — деді Ұлттық банк басшысы.

Ақпаратқа сәйкес, бүгінде банктер мен микроқаржы ұйымдарында тексерудің кемінде екі әдісін, биометрияны және ЭЦҚ-ны пайдалану қажеттілігі туралы талаптар белгіленген. Бұдан басқа банктер төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру барысында клиенттің мобильді нөміріне тексеру кодын жіберіп, клиентті үш факторлы тексеру жүзеге асырылады.

«Онлайн-кредиттерді беру рәсімдерін қатаңдату бойынша қабылданатын шараларды, сондай-ақ жаңа заңнамалық нормалар бойынша практикаларды пысықтау қажеттілігін ескере отырып, толық тыйым салуды енгізуге әрі ерте және ол азаматтар мен бизнестің қаржылық қызметтерге қол жеткізуіне кері әсерін тигізуі мүмкін деп пайымдаймыз», — деді Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *