24 наурыздан бастап «Ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларын бекіту туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді.
Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдерінің айтуынша бұл ережелер осы мерзімге дейін сатып алынып, елге кіргізілген құрылғыларға қолданылмайды.
«Бұл норма ең алдымен 24 наурыздан кейін әкелінетін телефондарға қатысты. Қазірдің өзінде пайдаланылып жүрген құрылғылар автоматты түрде “ақ тізімге” енгізіледі, себебі заңның кері күші жоқ. Өзгерістің негізгі мақсаты – телефонның зауыттан соңғы тұтынушыға дейінгі жолын ашық ету және заңсыз телефон импортының алдын алу», – деп мәлімдеді Цифрлық даму министрлігі телекоммуникациялар комитетінің өкілі Диас Төлегенов.
Құрылғыларды тексеру үшін арнайы порталға тіркеліп, құрылғы туралы мәліметтерді ұсыну керек. Импорттаушылар декларация құжаттарын, ал жеке тұлғалар шекарадан өткен күні мен құрылғы әкелінген ел туралы ақпаратты көрсетуі қажет.