Енді қазақстандықтарға жеке тұрғын үй салуға арналған 10 соттық тегін жер тек су және электр желісі тартылған аймақтардан ғана беріледі. Бұған дейін мұндай талап болмаған, сондықтан 4 миллионнан астам адам өзі қалаған жерден өтініш берген. Алайда, егер көрсетілген аумақта су мен жарық болмаса, кезек жылжи береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұрын кезекке тұрған азаматтардың тізімі сақталатынын, қайта өтініш берудің қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Бұл тізім жергілікті әкімдіктердің арнайы жүйесінде тіркеліп, бақылауда болады. Жаңа ереже бойынша, жер тек өтініш арнайы есепке қойылғаннан кейін ғана беріледі. Егер телім үй салуға пайдаланылмаса, ол мемлекетке қайтарылады. Бұл өзгерістер жердің кезексіз берілуіне жол бермеу үшін енгізілген. Айта кетейік, 2024 жылдың наурыз айындағы дерекке сәйкес, Алматы облысында 1,2 миллионнан астам адам 10 соттық жер кезегінде тұр. Бірақ Алматы қаласы жер телімін алуға өтініш қабылдамайтын жалғыз қала болып отыр. Дегенмен, жер ресурстарын басқару комитеті елді мекендерде тұрғын үй салу үшін жер беруге тыйым салынбағанын атап өтті.