Бүгін облыс орталығында «TURAN DANCE» республикалық би байқауы өз мәресіне жетті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген кәсіби би ұжымдары қатысып, заманауи би жанры бойынша бақ сынады. Күні кеше халық би бойынша сайыс өткен болатын.
Қорытындылай келе:
Бас жүлде – Түркістан облысынан «Би-Сұлтан» би ансамбліне бұйырды.
І орынды – Астана қаласынан келген «Alem» би ансамблі иеленді.
ІІ орын – Түркістан музыкалық драма театрының балет труппасына берілді.
ІІІ орын – Түркістан қаласынан келген «Самғау» би ансамбліне табысталды.
Арнайы жүлде қызылордалық «AI-ARU» заманауи би ансамбліне бұйырды.
Сайыста ҚР Мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, өнертану профессоры, «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры Айгүл Күлбекова, Қазақстан Хореографтар одағының мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының аға оқытушысы, ЮНЕСКО клубының мүшесі Талант Қылышбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Samruk» заманауи би тобының негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері Гүлнар Адамова қазылық етті.
Қазылар алқасы бишілердің техникасына, хореографиясына, эмоциялық әсеріне, музыканы сезінуіне және қозғалыс динамикасына баса назар аудара отырып, әділ баға берді.
Бұл байқау – ұлттық би өнерін дәріптеумен қатар, еліміздің әр өңірінен келген бишілер арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, тәжірибе алмасу және би өнеріндегі жаңа таланттарды тану алаңына айналды.