ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ «TURAN DANCE» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БИ БАЙҚАУЫ ӨТТІ



Көне тарихтың алтын бесігіне айналған Түркістан қаласы бүгінде мәдениет пен руханияттың ордасына айналып отыр. Оған тағы бір дәлел сәуір айының 25-26 күндері ел ішіндегі өнер сүйер жұртшылық Түркістан төрінде ерекше рухани мерекенің куәсі болды. Халықаралық би күніне орай ұйымдастырылған «TURAN DANCE» республикалық би байқауы елордадан бастап шалғайдағы өңірлерге дейінгі кәсіби би ұжымдарын бір сахнаға жинап, би өнеріндегі жаңа серпін мен шабыттың бастауы болды.

Бұл байқау — жай ғана өнер жарысы емес, бұл — ұлттық мәдениеттің мәйегін сақтай отырып, заман талабына сай жаңғырып, ұрпақ санасына сіңірілетін іргелі қадам. Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқау, жас бишілерге үлкен сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік жасап қана қоймай, еліміздегі хореография саласындағы шығармашылық байланысты нығайтып, шеберлік пен тәжірибе алмасуға жол ашты. Сонымен қатар, ұлттық өнерді ұлықтап, заманауи би бағытындағы да тың ізденістер мен жаңа есімдерді елге таныту алаңына айналды.

Көне замандардан бері адам баласы ішкі сезімін, қуанышы мен мұңын, үміті мен армандарын қозғалыс арқылы жеткізуді үйренді. Би – бұл сөзсіз өнер. Ол – сөздің орнына жүрекпен сөйлеу, үнсіз жеткізу. Осы орайда, «TURAN DANCE» байқауы сахнада шынайылық пен кәсібиліктің, дәстүр мен жаңашылдықтың, нәзіктік пен қуаттың үйлескен көрінісін паш етті.

Байқау аясында әр ұжымның өнерін бағалау үшін еліміздің хореография саласында есімі танымал, тәжірибесі мол мамандар қазылық етті. Қазылар құрамында:

• ҚР Мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, өнертану профессоры, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры, «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Айгүл Күлбекова;

• Қазақстан Хореографтар одағының мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының аға оқытушысы, ЮНЕСКО клубының мүшесі Талант Қылышбаев;

• Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Samruk» заманауи би тобының негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі және бас балетмейстер Гүлнар Адамова болды.

Олар әр ұжымның сахнадағы техникасы, композициялық құрылымы, музыканы сезіну қабілеті, сахналық образды жеткізу және эмоционалдық тереңдігі сынды бірнеше критерий бойынша кәсіби баға берді. Бұл талаптар байқаудың әділ әрі объективті өтуіне негіз болды.

Халық биі мен заманауи бағыт бойынша өткен байқауда түрлі өңірден келген ұжымдар өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Халық биі жанры бойынша:

Бас жүлде – ұлттық нақыш пен кәсіби шеберлікті шебер ұштастырған Жетісу облысынан келген «Жетісу» би ансамбліне бұйырды. І орын – Жамбыл облысының намысын қорғаған «Ақкербез» би ансамбліне табысталды. ІІ орынды – Түркістан музыкалық драма театрының би труппасы иеленсе, ІІІ орын – Тараз қаласының «Шолпы» би ансамбліне берілді. Арнайы жүлде – өнерге деген ерекше ынтасы мен сахнадағы тың қадамдары үшін Атырау облысынан келген «Жем Аруы», Шымкент қаласының «Шамсинұр» және «Яссы», сондай-ақ, Түркістан қаласының атынан қатысқан «Бисұлтан» және «Самғау» би ансамбльдеріне табысталды.

Заманауи би жанры бойынша:

Бас жүлде – Түркістан облысынан «Би-Сұлтан» би ансамбліне бұйырды. І орынды – Астана қаласынан келген «Alem» би ансамблі иеленді. ІІ орын – Түркістан музыкалық драма театрының балет труппасына берілді. ІІІ орын – Түркістан қаласынан келген «Самғау» би ансамбліне табысталды. Арнайы жүлде қызылордалық «AI-ARU» заманауи би ансамбліне бұйырды. Барша марапат иелерін жемісті жеңістерімен құттықтаймыз.

Байқау – би өнерінің болашағына сенім мен серпін сыйлады.

«TURAN DANCE» республикалық байқауы – тек өнер көрсететін сахна ғана емес, ол – шабыт пен үміттің, ұрпақ сабақтастығының, ұлттық мұра мен заманауи бағыттың тоғысқан тұсы. Бұл шараның басты құндылығы – ел ішіндегі өнерпаз жастардың би арқылы ұлттық болмысты танып, оның заманауи келбетін сомдай білуінде.

Байқаудың бас продюсері Мейіржан Алиакбаров бұл жобаның жоғары деңгейде өтуіне ерекше үлес қосты. Ұйымдастыру жұмыстарының әр кезеңіне жіті мән беріп, қатысушылардың шығармашылық еркіндігіне жағдай жасаумен қатар, көрермендерге эстетикалық әсер сыйлай алатын мазмұнды сахналық көріністердің қалыптасуына да ықпал етті. Оның жетекшілігімен байқау тек би жарысы емес, үлкен мәдени платформаның үлгісіне айналды. Мейіржан Алиакбаровтың айтуынша, алдағы уақытта бұл байқау дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, бұдан да жоғары деңгейде жалғасын табатын болады.

«TURAN DANCE» – қазақ өнерінің мәңгілік шырағын маздатып, жас буынның рухани әлеуетін арттырып, патриоттық сана мен мәдени танымды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Би – тілсіз тіл болғанымен, оның әсері жүректі тербейді, ұлттың рухын оятады. Түркістан төрінде өткен бұл байқау соның негізгі айғағы.

Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы

«Халық шығармашылығын қамтамасыз ету» бөлімінің

хореография жөніндегі маманы

Ақниет ПОЛАТҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *