«Бесқонақ» — байырғы қазақ күнтізбесінің бірден бір жұрнағы. Қазақ күнтізбесі бойынша жыл әрқайсысы тоқсан күндік төрт маусымға бөлініп: көктем – «жылтоқсан» (жыл алмасатын маусым), жаз – «оттоқсан» немесе «жазтоқсан», күз – «күзтоқсан», қыс – «желтоқсан» аталған. Бұл әрбір тоқсан сәйкес түрде төрт табиғат дүлейінің (стихия) «патшалық» мерзімі саналады: «жылтоқсан» — су арнасы «жылға» сөзінің түбірінен, яғни, Су маусымы; «оттоқсан» — өсімдіктің барынша өсіп отқа, қуатқа айналатын, малдың қуат жинап отығатын, адамның табиғаттағы барлық дәруменді сіңіріп күшейетін От маусымы; «күзтоқсанда» табиғат күзеліп, барлық өскен нәрсе Топыраққа айналады; «Желтоқсанда» өмірге Ауа қожалық етеді – жел, боран, қардың саф ауасы. Бұл жағдай Алматының солтүстік батысындағы Аңырақай жотасынан табылған Таңбалытастағы Наурыз айы мен мүшелге қатысты тасқа түскен таңбаларда дәл бейнеленген: Тәңір (күндіз) мен Іңір (түн), бұзау – көктем, жайылған баспақ – жаз, мүйізді, ірі семіз бұқа – күз, көтерем, өлмелі сиыр – қыстың бейнесі. Он екі айуан кейіпті мүшел. Жіті қараған адамға мүйізді өгіз (бұқа) Тәңірге қарап тұр, ал ол құшағын айқара ашып қарсы алуға даяр. Бұл — ежелгі құрбандық мәнісін байқатады. Бәлкім, соғымның мәні осы көріністе астарлы жеткізілген болуы керек.
Қазақтар (Орта Азиялық есепшілер) 360 күннен тұратын жылдың мерзімін 5 күн (кібісе жылдары 6 күн) қосып жыл соңында күнтізбені дәлдеп отырған. Осы күндерді қазақ «бесқонақ» (М.Исқақов, «Халық календары,1980 ж) атайды. Дегенмен, 360+5 күнтізбесі ежелгі жалпыадамзаттық болып табылады: б.з.б. 4-нші мыңжылдықта Мысырда 360 күннен кейін қосылатын 5 күнді құдайлар атымен Осирис, Гор, Сет, Исида, Нефтид атаған; парсы күнтізбесінде қосалқы 5 күн «фәнджи» немесе «андаргах» — «кетікті толтыратын күндер» аталған. Ежелгі соғда мен Хорезм күнтізбелерінде де қосалқы күндер болған. Алайда, жұлдызшылар мен есепшілер Наурыз айы келгенде ылғи да пікір таластырған: жылдың алмасуы мен 5 күнді қосу мәселесі күрделі болса керек. Осы жағдай қазақта «Нау болса – дау болады» деген (А.Машанов, «Әл-Фараби», 1970 ж) мәтелмен тарихта қалған.