Түркістанда облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен 29 сәуір халықаралық би күніне орайластырылған республикалық «TURAN DANCE» би байқауы аясында аудандық мәдениет үйінің би мамандарына арналған облыстық «Би өрнектері» семинар-кеңесі ұйымдастырылды.
Облыстық семинардың ашылуында орталықтың директоры Мейіржан Нұрғалиұлы төл өнерді ұлықтап жүрген жас мамандарға шараның негізгі мақсатын түсіндіріп, маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Кәсіби даму мен шығармашылық әлеуетті арттырудың маңызды алаңына айналған шараның негізгі мақсаты – мәдениет қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жетілдіру, мәдени-демалыс ұйымдарының озық тәжірибесін игеру және би өнерінің сапасын арттыру.
Облыс орталығында екі күнге созылған семинарда жоғары деңгейдегі мәдениет және өнер майталмандары: ҚР мәдениет қайраткері, п.ғ.д, өнертану профессоры, ғылымға сіңірген еңбегі үшін төсбелгісінің иегері, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры Айгүл Кеңесқызы, Қазақстан Хореографтар одағының мүшесі Талант Жамбылұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гульнар Владимирқызы дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар өтті. Аталған семинардың дәріс оқушылары ауданнан жиналған жас мамандарға ұлттық би өнерінің тәрбиелік мәні мен қазақ халқының мәдени мұраларын сақтап, дамыту жолдарын меңгеру және көркемдік жетекшіліктің рөлі мен ұжымның шығармашылық жұмысын жетілдіру жолдары жайлы сөз қозғады.
Би мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға, ұлттық би өнерін насихаттауға және мәдениет саласындағы жаңа әдіс-тәсілдерді енгізуге бағытталған облыстық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.