КИЕЛІ ҚАЗЫҒҰРТТА ВОКАЛДЫ АСПАПТЫ АНСАМБЛЬДЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ



Қазығұртта «Сазды әуен мен сырлы үн» атты вокалды-аспапты ансамбльдердің облыстық байқауы өтті. Салтанатты шараның ашылуында Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев қатысушы ұжымдарға сәттілік тілеп, өнер додасының маңыздылығына тоқталды.

Шараға Түркістан облысының әр ауданынан келген 11 өнер ұжымы қатысып, кәсіби шеберліктері мен орындаушылық деңгейлерін ортаға салды. Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қазақ композиторларының шығармаларынан бір туынды орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта композиция ұсынды. Бұл – қатысушылардың жан-жақтылығын, көркемдік-бейнелеу мүмкіндігін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік берді.

Аталмыш байқауға ҚР Мәдениет қайраткері Сайлаубек Лесбаев, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының бөлім жетекшісі Мұрат Жұманов, Қазығұрт аудандық «Өнер» мектебінің директоры Бауыржан Темірбаев қазылық етті. Сайыс соңында қазылар алқасы байқаудың биылғы өткізілу деңгейі мен талаптарының күшейтілгенін атап өтіп, қатысушылардың өнерін жоғары бағалады. Әрбір шығармашылық ұжымның өзіндік ерекшелігі мен музыкалық орындау мәдениетіне ерекше тоқталып, болашақта мұндай ұжымдардың репертуарын кеңейтіп, кәсіби бағытта дамыту қажеттігін тілге тиек етті.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде «Қазығұрт band» вокалды-аспапты ансамбліне (Қазығұрт ауданы), І орын «Фараб» вокалды-аспапты ансамбліне (Отырар ауданы), ІІ орын «Сарыағаш» вокалды-аспапты ансамбліне (Сарыағаш ауданы), ІІІ орын «Арай» вокалды-аспапты ансамблі (Ордабасы ауданы) мен «ART-MUZIC» вокалды-аспапты ансамбліне (Түлкібас ауданы) бұйырды.

Шара соңында жеңімпаз ұжымдарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұл байқау облыс көлеміндегі өнерпаз ұжымдардың шығармашылық әлеуетін арттырып, жаңа есімдердің танылуына жол ашпақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *