БӘЙДІБЕК АУДАНЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ӨТТІ
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Бәйдібек ауданының мәдениет күндері өтті. Екі күнге созылған шараны «Керуен сарай» кешенінде аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концерт қорытындылады. Салтанатты шараны Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев ашып беріп, Түркістан жұртшылығына ізгі тілектерін білдірді.
Мәдени шарада ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен әсем ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де көрініс тапты. Гала концертке аудан өнерпаздары Бағдат Юсупов, Қуат Қасенов, Мұрат Бөбеев, Айжан Жүсіпбекова, Сатман Мәди, Дәулет Таевтар ән шырқаса, «Балауса» цирк ұжымы қалың көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, аудан өнерпаздары би билеп, жанды дауыста «Шаттық» вокалды аспапты ансамблі мерекелік кештің сәнін кіргізді.
Шараның алғашқы күнінде Этноауылда қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар көрінісі сахналанды. Ал, екінші күні арқан тарту, қазақша күрес, қошқар көтеру, асық ату, қол күресі мен садақ ату, гіртасын көтеру сынды ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.