Облыс орталығында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында ұйымдастырылған «Үздік орталық» байқауы қорытындыланды. Мерекелік шараға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып жеңімпаздарды марапаттады.
Тілдерді оқыту орталықтары арасында өткен байқауға облыстағы 17 аудан, қалалық тілдерді оқыту орталықтары арасынан 16 орталық қатысты. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Төлеби ауданы Тілдерді оқыту және дамыту орталығы иеленді. Жүлделі I орын Жетісай ауданының мекемесіне бұйырды. II орынды Түркістан қаласы, ал III орынды Қазығұрт ауданы Тілдерді оқыту және дамыту орталығы иеленді. Созақ ауданы Тілдерді оқыту және дамыту орталығы байқау барысында креативті идеяларды тиімді пайдалана білгені үшін «Креативті орталық» арнайы номинациясымен марапатталды.
Айта кетейік, байқау мақсаты орталықтардың жұмысына баға беріп қана қоймай, жұмысын жүйелеп, бағыт-бағдар беру. Байқаудың талаптары мен шарттарына сәйкес орталықтың 2023-2024 жылдардағы атқарған жұмысы мен жетістіктері, орталық әзірлеген әдісмелік оқу құралдары, оның кадрлық және сапалық құрамы туралы қысқаша анықтамасы, орталықтың материалдық-техникалық базасы, заманауи оқыту құралдарымен жабдықталуына баса назар аударылды. 5 минутқа дейінгі слайд пен бейнежазбадан құралған таныстырылымды толық қаралып, сарапқа салынды.