ТҮРКІСТАНДАҒЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ЖЕҢІС ЖОЛЫН ЖАЛҒАСТЫРДЫ



Түркістан қаласында өтіп жатқан байдарка мен каноэде ескек есуден юниорлар, U23 жас санаты және параканоэден Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы да жарқын жетістікке қол жеткізді. Құрлық додасының үшінші жарыс күнінде отандық спортшылар ел қоржынына 8 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль салып, жанкүйерлерді қуантты.

Чемпионаттың таңғы сессиясында қазақстандық ескек есушілер 5 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленген болатын. Ал күндізгі жарыс бағдарламасында спортшыларымыз жеңісті еселеп, Азия біріншілігіндегі көшбасшылық позициясын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Алтын жүлдеге ие болғандардың қатарында U23 санатындағы байдарка жұбында 200 метр қашықтықта өнер көрсеткен Стелла Суханова мен Вероника Трапезникова бар. Сондай-ақ каноэ жұбында Мария Бровкова мен Ульяна Киселёва үздік нәтиже тіркеп, чемпион атанды.

U18 жас санатындағы байдарка жарысында Тимофей Таранов пен Даниил Коляда қарсыластарынан оқ бойы озып шықты. Ал U23 санатындағы байдарка бәсекесінде Егор Краснонос пен Дмитрий Холмогоров 500 метр қашықтықта алтыннан алқа тақты.

Командалық жарыстарда да Қазақстан құрамасы жоғары деңгейін көрсетті. U18 жас санатындағы ұлдар құрамасы — Мадияр Қанекен, Алексей Ширман, Нұртілек Иман және Никон Дергунов 500 метрлік жарыста жеңімпаз атанды. Сонымен қатар қыздар құрамасы сапында Эвелина Костенко, Анна Емельяненко, Анастасия Прибыткова мен Кира Кальтенбергер де алтын медаль иеленді.

Күннің тағы бір жарқын нәтижесі — Мария Бровкова мен Ульяна Киселёваның каноэ жұбында 500 метрлік сында тағы бір мәрте чемпион болуы болды. Осылайша спортшылар қос бірдей алтын медаль жеңіп алды.

Күміс жүлде каноэден U18 жас санатындағы ұлдар командасына бұйырды. Құрамында Дәулет Шалдар, Руслан Федотов, Әділбек Исроилов пен Савелий Лыжин бар команда жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен бірге Владислав Руденко мен Полат Төребеков U23 санатындағы каноэ жарысында екінші орын иеленді.

Қола жүлдені U18 санатындағы байдарка жұбында өнер көрсеткен Зоя Прядка мен Злата Прядка жеңіп алды. Ал қыздар арасындағы каноэ командалық жарысында Милана Абдубаева, Ксения Сломинская, София Гизенка және Ульяна Иванова үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, Түркістандағы Азия чемпионатына 15 мемлекеттен 300-ге жуық спортшы қатысуда. Құрлықтың үздік ескек есушілері бақ сынап жатқан халықаралық дода ертең шешуші жарыс күнімен қорытындыланады.

Қазақстан құрамасы жарыстың әр күнінде жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етіп келеді. Түркістан төріндегі дүбірлі додада спортшыларымыздың жеңісті жолы жалғасады деген сенім мол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *