Түркістан облысында білім мен ғылым саласындағы жарқын жетістіктер қатары артып келеді. Соның айқын дәлелі – Мақтаарал ауданындағы Қасым Аманжолов атындағы №22 жалпы білім беретін мектебінің түлегі Нұрәлі Медина Бектұрсынқызының халықаралық деңгейдегі табысы. Жас талапкер әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан 80-нен астам ұсыныс алып, қазақстандық оқушылардың білім бәсекесіндегі әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Нұрәлі Медина АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропаның беделді университеттерінен шақырту алған. Шетелдік жоғары оқу орындары талапкердің академиялық үлгерімін ғана емес, көшбасшылық қабілетін, ғылыми ізденісін және қоғамдық белсенділігін жоғары бағалаған. Нәтижесінде оған түрлі білім гранттары мен арнайы оқу бағдарламалары ұсынылды.
Халықаралық деңгейдегі жетістікке жету үшін Медина ауқымды дайындықтан өткен. Ол IELTS және SAT халықаралық емтихандарын сәтті тапсырып, шетелдік университеттердің талаптарына толық сай келетін білім деңгейін көрсетті. Бұл емтихандар әлемдік жоғары оқу орындарына қабылдануда негізгі көрсеткіштердің бірі саналады.
Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ Нұрәлі Медина білімге деген ерекше ынтасымен көзге түскен. Ол түрлі ғылыми жобаларға, республикалық олимпиадалар мен шығармашылық байқауларға белсенді қатысып, үздік нәтижелерге қол жеткізген. Әсіресе ағылшын тілі бағытындағы жетістіктері ерекше атап өтуге тұрарлық.
Талапты түлек «Жасанды интеллект – ғылыми зерттеудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда І орын иеленіп, өз қатарластары арасында озық ойлы, ізденімпаз оқушы екенін дәлелдеген. Сонымен қатар республикалық «Ой зерек» олимпиадасының жеңімпазы атанып, білім мен логикалық ойлау қабілетінің жоғары деңгейін көрсетті.
Ұстаздарының айтуынша, Медина тек үздік оқушы ғана емес, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын, көшбасшылық қасиеті қалыптасқан жан-жақты шәкірт. Ол мектептегі түрлі іс-шаралардың ұйымдастырылуына атсалысып, өз қатарластарына үлгі бола білген.
Қазіргі таңда жас түлек өзіне ұсынылған көптеген мүмкіндіктің ішінен Оңтүстік Кореядағы Inha University университетін таңдауға ниет білдіріп отыр. Болашақта халықаралық деңгейде сапалы білім алып, жинаған тәжірибесі мен кәсіби білімін ел дамуына бағыттауды мақсат етеді.
Нұрәлі Мединаның жетістігі – тек бір оқушының ғана емес, өңірдегі білім саласының нәтижелі жұмысының көрінісі. Бұл – ауыл мектебінде білім алып жүрген оқушылардың да әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейтін маңызды жетістік.
Бүгінде Түркістан облысында дарынды жастарды қолдау, сапалы білім беру және халықаралық мүмкіндіктерге жол ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осындай қолдаудың арқасында өңір жастары әлемдік білім кеңістігінде өз орнын айқындап келеді.
Нұрәлі Медина сынды талапты жастар – елдің болашағы, білімді ұлттың жарқын бейнесі.