Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Саладағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте талқыланды.
Өңірде бүгінде 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы Алматы және Астана қалаларынан кейін республикада үшінші орында тұр. Сонымен қатар сауда саласындағы нақты көлем индексі 119,7 пайызға жетіп, өңір еліміз бойынша үздік үштікке енді. Облыста кәсіпкерлік жобаларды сүйемелдеу, қаржылай қолдау және өндірістік алаңдар арқылы жаңа өндірістер ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету мекемесі арқылы жалпы құны 58,5 млрд теңгені құрайтын 377 бизнес-жоба сүйемелденіп жатыр. Аталған жобалар толық іске асқанда 3082 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жыл басынан бері осы жобалардың 78-і іске қосылып, экономикаға 9,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 275 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Іске қосылған жобалардың қатарында сабын және пластик ыдыс өндірісі, балық өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін шығару, жиһаз өндірісі, мақта өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және медицина саласындағы жобалар бар.
Кәсіпкерлерді қолдаудың маңызды тетігі саналатын қаржыландыру бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Биыл «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлерге 85 млрд теңге көлемінде несие беру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін «Өрлеу» бағдарламасы аясында 64 жобаға 18,6 млрд теңге қаржы берілді. Ал «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы 6 жобаға 448,5 млн теңге көлемінде несие рәсімделді.
