ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА 29 ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕ 98 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ – 2



Отырар ауданында темір бұйымдарын өндіру, құрама жем дайындау, жемістерді сублимациялық әдіспен кептіру және құрылыс материалдарын шығару бағытындағы кәсіпорындар жұмысын бастады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге негізделген бұл жобалар қосымша құн қалыптастырып, жергілікті өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Төлеби ауданында полиэтилен өнімдерін шығару, пластик есік-терезелер өндіру, жиһаз жасау және құрылыс материалдарын дайындау жолға қойылған. Қазығұрт ауданында омарта шаруашылығына арналған жәшіктер шығару, матрас өндіру және пластик қалдықтарын қайта өңдеу бағытындағы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл экологиялық тұрғыдан маңызды бастамалардың бірі болып саналады.

Жетісай ауданында жиһаз өндірісі, металл бұйымдарын жасау және дәнекерлеу цехтары жұмысын бастаса, Созақ ауданында төрт өндірістік жоба толық іске қосылып, дайын өндірістік ғимараттар кәсіпкерлердің игілігіне берілді. Бұл өңірлердегі өндірістік белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен бірге Түркістан, Арыс, Кентау қалаларында, сондай-ақ Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарындағы өндірістік парктерде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Мұнда инженерлік инфрақұрылым тарту, өндірістік ғимараттарды аяқтау және жаңа инвесторларды орналастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Кеңес барысында кейбір өндірістік парктердегі мәселелер де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, электр энергиясымен қамтамасыз ету, құрылыс жұмыстарының қарқыны және инвестициялық жобаларды іске қосу мерзімдерінің кешігуіне қатысты мәселелер көтерілді. Бұл бағыттағы кемшіліктерді жою үшін электрмен жабдықтауға жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстарды жеделдету міндеттелді.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров барлық аудан және қала әкімдеріне өндірістік ғимараттардың құрылысын белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар бос тұрған өндірістік нысандарға инвесторлар тарту, жасалған меморандумдарды нақты өндірістік жобаларға айналдыру, инженерлік инфрақұрылым мәселелерін уақытылы шешу және өндірістік парктердің екінші кезеңі аясында жоспарланған жаңа өндірістік ғимараттардың құрылысын кешіктірмей аяқтау міндеті жүктелді.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында өндірістік парктерді дамыту бағытындағы жұмыстар өңір экономикасының тұрақты дамуына негіз қалыптастыруда. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы инвестиция көлемінің артуына, кәсіпкерліктің дамуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және жаңа өндірістерді іске қосу облыстың негізгі даму басымдықтарының бірі болып қала береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *