Түркістан облысында өнеркәсіп саласын дамыту, өңір экономикасын әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мақсатта облыс көлемінде өндірістік парктердің қызметін кеңейтуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше басымдық берілуде. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен алдағы міндеттер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Жиынға аудан және қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары мен сала мамандары қатысып, өндірістік парктердің қазіргі жай-күйі мен даму қарқынына жан-жақты талдау жасалды.
Мәжіліс барысында өңірде салынып жатқан өндірістік парктердің құрылысы, инвестициялық жобалардың іске асырылу деңгейі, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері және кәсіпкерлерге қолайлы өндірістік орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қаралды. Өнеркәсіпті дамыту – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық өсімінің негізгі тетіктерінің бірі екені атап өтіліп, әрбір жобаның тиімді әрі уақытылы жүзеге асырылуы басты міндет ретінде белгіленді.
Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы саны 29 шағын өндірістік парк құрылып, олардың аумағында 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Соның ішінде 150 өндірістік нысан толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаңдарды ұсынуға және өндіріс орындарын қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы құны 226,9 миллиард теңгені құрайтын 269 инвестициялық жоба қалыптастырылып, бүгінгі күнге дейін олардың 98-і толық іске қосылған. Қалған жобалар белгіленген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Инвестициялық жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібін дамытуға, импортты алмастыруға, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға бағытталған.
Өндірістік парктердің іске қосылуы облыс экономикасына жаңа серпін беріп қана қоймай, мыңдаған тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасауда. Сонымен қатар бұл кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.
Жиында әр аудан мен қалада жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобаларға жеке-жеке тоқталды. Шаға өндірістік паркінде жиһаз өндіру, сэндвич-панельдер жасау және металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар өз жұмысын бастап, алғашқы өнімдерін нарыққа ұсынуда. Бұл өндірістер құрылыс саласының қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі өндірістік әлеуеттің артуына да ықпал етуде.
Сауран ауданында жиһаз өндірісі, құрылыс материалдарын шығару және металл өңдеу бағытындағы кәсіпорындар кезең-кезеңімен іске қосылып келеді. Мұнда жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, өндірістік қуаттарды кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттырумен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруде.
Шардара ауданында модульді және капсулалы тұрғын үйлер өндіретін кәсіпорындар, термопанельдер, қасбеттік және сәндік құрылыс материалдарын шығаратын цехтар іске қосылды. Қазіргі құрылыс нарығында сұранысқа ие мұндай өнімдердің өндірісі өңірдің құрылыс индустриясының дамуына оң әсерін тигізіп отыр.