Түркістан қаласындағы «Керуен-Сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Ордабасы ауданының мәдени күндері жоғары деңгейде өтті. Ауқымды мәдени шара барысында ауданның сан ғасырлық тарихы, ұлттық құндылықтары, мәдени мұрасы, өнері мен шығармашылық әлеуеті жан-жақты таныстырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды әрі әсерлі бағдарлама ұсынылды.
Фестиваль қонақтарын кіреберістен ұлттық нақыштағы театрландырылған көріністер қарсы алды. Қазақтың қасиетті қара домбырасынан төгілген күйлер мен халық әндері мерекелік көңіл күй қалыптастырып, келушілерді халқымыздың бай рухани әлеміне жетеледі. Театрландырылған қойылымдарда Ордабасы өңірінің тарихы, ел бірлігіндегі орны және ауданның бүгінгі жетістіктері көркем түрде бейнеленді.
Іс-шара аясында арнайы ұйымдастырылған көрме алаңдары келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Аудандық кітапхана ұжымы ұлттық әдебиет пен тарихи мұраларды қамтыған кітап көрмесін ұсынып, өңірдің рухани қазынасын көпшілікке таныстырды. Сонымен қатар қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен спорттық жолына арналған құнды жәдігерлер қойылып, келушілер ұлттық мақтанышқа айналған тұлғаның тағылымды өмірімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Фестиваль барысында Ордабасы мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының бай мұрасын насихаттайтын арнайы экспозиция ұйымдастырылды. Көрмеде қасиетті Ордабасы төбесінің қазақ халқының бірлігі жолындағы тарихи маңызы жан-жақты таныстырылып, ел тарихындағы тағдырлы оқиғалар туралы кең көлемде ақпарат ұсынылды.
Мәдени күндердің ең әсерлі бөлімдерінің бірі халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дәріптеуге арналды. Арнайы тігілген киіз үйлерде қыз ұзату, сырға салу, ат қою, тұсау кесер секілді ұлттық рәсімдер театрландырылған қойылымдар арқылы сахналанып, көрермендерге қазақы тәрбиенің терең мәні кеңінен насихатталды. Сонымен қатар ақ жаулықты әжелер күбі пісіп, құрт қайнатып, текемет басу, ши тоқу және басқа да дәстүрлі қолөнер түрлерін көрсетіп, ұлттық мұрамыздың өміршеңдігін паш етті.
Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласындағы жетістіктері де кеңінен таныстырылды. «Ордабасы өнімдері» атты арнайы көрмеде жергілікті кәсіпкерлер өндірген экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдері, ұлттық тағамдар мен өңірде шығарылатын тауарлар көпшілік назарына ұсынылды. Көрме ауданның экономикалық әлеуетін танытып қана қоймай, жергілікті өнімдерді кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.
Фестиваль бағдарламасы ұлттық спорт түрлерінсіз өткен жоқ. Қазақ күресі, асық ату, арқан тарту және басқа да ұлттық ойындар ұйымдастырылып, спорт сүйер қауымның қызығушылығын арттырды. Ал алтыбақан маңында жастар ұлттық ойындарды жаңғыртып, мерекелік шараның сәнін келтірді. Бұл көріністер ұлттық дәстүрдің бүгінгі ұрпақ арасында сабақтастығын айқын көрсетті.
Мерекенің мазмұнын байыта түскен тағы бір ерекшелік – аудандық мәдениет үйі жанындағы «Темірлан жасөспірімдер» театрының өнерпаздары болды. Олар әрбір көрме алаңында шағын театрландырылған қойылымдар ұсынып, тарихи кейіпкерлер бейнесін сомдап, келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жас әртістердің шынайы орындаушылық шеберлігі көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, фестивальдің көркемдік деңгейін арттыра түсті.
Мәдени шара барысында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, «Өнерлі өлке» фестивалінің ұлттық өнерді, салт-дәстүрді және өңірлердің шығармашылық әлеуетін насихаттаудағы маңызына тоқталды.
– «Өнерлі өлке» фестивалі – мәдениетімізді дәріптейтін ғана емес, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін, рухани байлығын және шығармашылық мүмкіндіктерін танытатын маңызды алаң. Ұлттық салт-дәстүрімізді, қолөнерімізді, ән мен күйімізді кейінгі ұрпаққа аманат ету – баршамыздың ортақ парызымыз. Осындай тағылымды жобалар ел бірлігін нығайтып, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейді, – деді аудан әкімі.
Кешкі уақытта мерекелік бағдарлама «Ордабасы – бірлік пен берекенің мекені» атты гала-концертпен жалғасты. Сахна төрінде ауданның шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары ұлттық және заманауи музыкалық шығармаларды орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Әсем ән, күмбірлеген күй, мың бұралған би және театрландырылған қойылымдар үйлесім тапқан концерт көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.
Ордабасы ауданының мәдени күндері ұлттық рухты жаңғыртып, тарихи мұраны дәріптеген, өңірдің мәдени және шығармашылық әлеуетін кеңінен танытқан тағылымды мерекеге айналды. Мұндай игі жобалар ұлттық құндылықтарды ұлықтап қана қоймай, халықтың рухани тұтастығын нығайтып, Түркістан өңірінің бай мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға зор үлес қосады.