ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА ҚАҒАЗ, МАҚТА ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ӨНІМДЕР ШЫҒАРАТЫН ЖАҢА ЗАУЫТТАР САЛЫНЫП ЖАТЫР



Түркістан облысында өндіріс көлемін ұлғайту, инвестициялық белсенділікті арттыру және өңірдің индустриялық әлеуетін күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Осы мақсатта облыс әкімдігі жанындағы кезекті инвестициялық штаб отырысы өтіп, жаңа өндіріс орындарын іске қосу, инвесторлар көтерген өзекті мәселелерді шешу және стратегиялық маңызы бар жобалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті.

Отырыс барысында биыл жүзеге асырылуы жоспарланған оннан астам ірі инвестициялық жобаның қазіргі ахуалы қаралып, инвесторлар мен жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Басқосуда жобаларды белгіленген мерзімде сапалы аяқтау, өндіріс орындарын уақытылы іске қосу, жаңа жұмыс орындарын ашу және туындаған мәселелерді жедел шешу жолдары кеңінен талқыланды.

Облыс әкімі инвестициялық жобалардың өңір экономикасын әртараптандырудағы маңызын атап өтіп, әрбір жоба тұрақты бақылауда болуы керектігін жеткізді. Оның айтуынша, инвесторларға қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді азайту және қажетті инфрақұрылымды дер кезінде жеткізу – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі.

Жиында алдымен Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» индустриалды аймағында салынып жатқан «Нұрқағаз Х» ЖШС-нің қағаз өндіру зауытының құрылысы қаралды. Инвестициялық құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба өңірдегі қағаз өндірісін дамытуға бағытталған маңызды кәсіпорындардың бірі саналады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін екі кезең бойынша жылына 60 мың тоннаға дейін қағаз өнімін өндіруге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта кәсіпорын аумағында әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, өндірістік қоймалардың және бақылау-өткізу пунктінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жер қазу және бетон құю жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар металл конструкцияларын орнату қарқынды жалғасуда. Өндірісте пайдаланылатын барлық негізгі технологиялық құрал-жабдықтар Қытай Халық Республикасынан сатып алынған. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 80 пайызы орындалған.

Инвестициялық штаб отырысында сондай-ақ «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан ірі өндірістік жобалардың барысына ерекше назар аударылды. Соның бірі – «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің заманауи тоқыма зауыты. Жалпы құны 5,4 миллиард теңге болатын бұл кәсіпорын 16 роторлы жоғары технологиялық иіру желісімен жабдықталады.

Жоба іске қосылғаннан кейін зауыт жылына 20–30 мың тонна мақта иірімжібін өндіруге қауқарлы болады. Сонымен қатар мұнда 200 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бірінші кезең аясында қызметкерлерге арналған жатақханалардың сыртқы құрылысы толық аяқталған. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік блоктың іргетасы толық дайындалып, металл конструкцияларын Қытайдан жеткізу күтілуде.

Штаб отырысында бұдан бөлек, Түркістан қаласындағы «Turkistan Lihua» ЖШС жүзеге асырып жатқан ауқымды инвестициялық жобалардың орындалу барысы қаралды. Компания арнайы экономикалық аймақта тігін фабрикасын, тоқыма өндірісін және бояу-әрлеу кәсіпорындарын іске асыруда. Сонымен бірге Отырар ауданында мақта өңдеу және мақта тұқымын өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жалғасып жатыр. Бұл жобалар мақта кластерін дамытуға және дайын өнім өндірісінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Инвестициялық штаб мүшелері ауыл шаруашылығы саласына қажетті заманауи жабдықтарды шығаратын өндіріс орындарының құрылысын да талқылады. Атап айтқанда, Жетісай ауданындағы «Altyn Kun Group» ЖШС мен Отырар ауданындағы «Lesso Drip» ЖШС жүзеге асырып жатқан тамшылатып суару жүйелерін өндіретін зауыттардың құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар сараланды. Бұл кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін еліміздің агроөнеркәсіп кешенін сапалы суару жүйелерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жиында Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан ерекше өндірістік жобалардың бірі – «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС-нің ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауыты туралы да баяндалды. Жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге бағытталған бұл кәсіпорын өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, жаңа экспорттық мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады.

Сонымен қатар Сауран ауданында іске асырылып жатқан бірқатар өндірістік жобалардың орындалу барысы да кеңінен қаралды. Атап айтқанда, «Diamond Steel Co. Ltd» ЖШС алюмоцинкпен қапталған және боялған металл өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр. Ал «Bereke Plastic» ЖШС бір реттік ыдыс-аяқ өндіретін кәсіпорын салуда. Бұдан бөлек, «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС ауыл шаруашылығы саласына арналған заманауи дрондар шығаратын өндірісті іске асыруда. Бұл жоба цифрлық технологияларды агроөнеркәсіп кешеніне енгізуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.

Энергетика саласында да ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сауран ауданында «Sauran Solar Power» ЖШС қуаттылығы 300 мегаватт болатын күн электр станциясының құрылысын жүргізуде. Жоба іске қосылғаннан кейін өңірде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып, экологиялық таза электр энергиясын өндіру көлемі едәуір ұлғаяды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров барлық жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне инвестициялық жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Ол әрбір жобаның белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуы өңір экономикасының дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондай-ақ инвесторлар көтерген мәселелерді созбалаңға салмай, жедел шешуді міндеттеп, барлық тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.

Жалпы, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан жаңа өндірістік жобалар өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға, экономиканы әртараптандыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Инвестициялық белсенділікті күшейту арқылы облыс өндіріс, қайта өңдеу өнеркәсібі және жоғары технологиялық секторлар бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің біріне айналуды көздеп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *