ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІНДЕ «КҮЙ ҚҰДІРЕТІ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КҮЙШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ



Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан қаласындағы «Керуен-Сарай» туристік кешенінде республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауының финалдық кезеңі салтанатты жағдайда өтті. Қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық мәдениетінің символына айналған қасиетті қара домбыраны ұлықтаған өнер мерекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі күйшілер, өнер қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері мен күйсүйер қауым жиналды. Тағылымды іс-шара қазақтың күй өнерін дәріптеп, ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған мазмұнды мәдени жобалардың біріне айналды.

Мерекелік кешке Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, Мемлекет басшысының ұлттық мәдениетті қолдау бағытындағы бастамаларының маңызына тоқталды.

– Қадірлі өнерсүйер қауым, ардақты күйшілер! Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын! Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен белгіленген бұл мереке – халқымыздың төл өнеріне, ұлттық болмысына көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі. Домбыра – қазақтың рухын, тарихын, дүниетанымы мен өмір философиясын бойына сіңірген қасиетті мұра. Сондықтан «Күй құдіреті» республикалық байқауының Түркістан төрінде ұйымдастырылуы – үлкен мәртебе.

Мемлекет басшысы: «Қос ішектің үніне бүкіл тарихымыз, ұлттық болмысымыз сыйып тұр. Күй – қазақтың қасиетті шежіресі», – деп ерекше атап өткен болатын. Шынында да, күй – халқымыздың рухани жадын сақтап келген мәңгілік өнер. Осындай байқаулар жас таланттарды қолдап қана қоймай, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, дәстүрлі мәдениеттің сабақтастығын қамтамасыз етеді. Түркістан облысында айтыс, терме, дәстүрлі ән, күй өнері мен өзге де ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Өйткені рухани құндылығы биік елдің іргесі әрдайым берік болады. Қасиетті домбыраның үні ешқашан үзілмесін, күй өнері ұлт рухын асқақтата берсін, – деді Ертай Алтаев.

Кеш барысында қазақтың күйшілік дәстүрінің жауһарлары орындалып, ұлттық өнердің құдіреті кеңінен насихатталды. Сахна төрінде Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева, күйші-композитор Ғаламат Бейсеқожа, белгілі күйші Шыңғыс Исаев және облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы орындаған күйлер мен музыкалық шығармалар ұлттық өнердің биік деңгейін тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Мәдени кештің шарықтау шегі республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауының финалдық кезеңі болды. Байқауға еліміздің әр өңірінен іріктеліп келген жиырмадан астам жас әрі талантты күйші қатысып, қазақтың дәстүрлі күй орындаушылық мектебінің үздік үлгілерін жоғары деңгейде орындады. Қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, сахна мәдениеті және күйдің мазмұнын жеткізу ерекшелігі кәсіби қазылар алқасы тарапынан жан-жақты бағаланды.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Алматы қаласының өкілі Іңкәр Күзембайға бұйырды. Бірінші орынды Нұрәли Саятұлы (Алматы қаласы) иеленсе, екінші орын Астана қаласының өкілі Бекнұр Әбдіжәлил мен Атырау облысынан келген Жантілек Жұмагелдиевке берілді. Үшінші орын Атырау облысының өкілі Асылбек Жорабековке, Шымкент қаласынан қатысқан Оңғар Дәулетке және Алматы қаласының өнерпазы Тұрсын Арсенге табысталды.

Сонымен қатар Төлеген Момбеков пен Сүгір Әліұлы атындағы арнайы жүлделердің иегерлері анықталып, үздік өнер көрсеткен қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Байқау жас күйшілердің шығармашылық ізденісін қолдап, дәстүрлі күй мектебінің сабақтастығын жалғастыруға бағытталған маңызды мәдени алаң ретінде өз мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ұлттық домбыра күні аясында ұйымдастырылған республикалық «Күй құдіреті» байқауы қазақтың қасиетті күй өнерінің мерейін үстем етіп қана қоймай, Түркістанның ұлттық руханияттың, дәстүрлі өнер мен мәдени мұраның алтын бесігі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындады. Осындай тағылымды жобалар ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жас ұрпақтың тарихи мұраға деген құрметін арттыруға және қазақтың күйшілік дәстүрін болашаққа аманаттауға қызмет ете береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *