Түркістан қаласында академиялық ескек есуден ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған үздік спортшылар қатысқан байрақты бәсекеде Түркістан облысының спортшылары тамаша нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте көшбасшылар қатарынан көрінді. Жарыс қорытындысы бойынша жерлестеріміз 42 медаль жеңіп алып, оның ішінде 24 алтын, 8 күміс және 10 қола жүлдені иеленді.
Төрт күнге созылған ел чемпионаты барысында спортшылар жекелей және командалық бағдарламалар бойынша өзара бақ сынасып, жоғары спорттық шеберліктерін паш етті. Түркістандық ескекшілер жарыстың барлық кезеңінде тұрақты нәтиже көрсетіп, бірнеше қашықтықта жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл табыс өңірде академиялық ескек есу спортының жүйелі түрде дамып, спортшылардың кәсіби дайындығының жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанын айқын аңғартты.
Чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен тәжірибелі спортшылар мен ұлттық құрама мүшелері қатысып, өзара тартысты бәсеке өрбітті. Әрбір жарыс жоғары қарқынмен өтіп, көрермендерге қызықты сәттер сыйлады. Осындай тартысты додада Түркістан облысының өкілдері өздерінің техникалық дайындығын, төзімділігі мен шеберлігін толық көрсете білді.
Мамандардың пікірінше, мұндай нәтижеге қол жеткізуде өңірде қалыптасқан заманауи спорттық инфрақұрылымның маңызы зор. Соңғы жылдары Түркістан облысында су спортын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бірқатар спорт нысандары пайдалануға берілді. Соның ішінде Түркістан қаласында салынған халықаралық деңгейдегі академиялық ескек есу каналы еліміздегі бірегей спорт кешендерінің біріне айналды.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл кешен спортшылардың жыл бойы сапалы жаттығуына мүмкіндік жасап қана қоймай, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдайтын маңызды орталық қызметін атқарып келеді. Мұнда кәсіби спортшылармен қатар, жасөспірімдер мен жастардың шеберлігін шыңдауға барлық жағдай жасалған.
Биыл дәл осы халықаралық ескек есу каналында ескек есу және параканоэ спортынан жастар арасындағы Азия чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Құрлықтың жетекші мемлекеттерінен келген жас спортшылар қатысқан халықаралық дода Түркістанның әлемдік талаптарға жауап беретін спорттық инфрақұрылымы қалыптасқан өңір екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен бірге жарыс Қазақстанның халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы тәжірибесін көрсетіп, Түркістанның спорт туризмін дамытудағы әлеуетін арттыра түсті.
Сарапшылардың айтуынша, халықаралық жарыстарды тұрақты өткізу өңір спортшыларының тәжірибе алмасуына, жаңа буын спортшылардың кәсіби деңгейін көтеруге және Түркістанның халықаралық спорт картасындағы орнын нығайтуға оң ықпал етеді.
Өңірде бұқаралық спортты дамыту және жоғары жетістіктер спортын қолдау бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жаңа спорт кешендерінің ашылуы, қолданыстағы нысандарды жаңғырту, кәсіби жаттықтырушылар құрамын күшейту және талантты жастарды қолдау – осы бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен соңғы жылдары өңірде жаңа спорт инфрақұрылымдары пайдалануға беріліп, қолданыстағы спорт кешендерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Бұл жұмыстар жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасап қана қоймай, халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын спортшыларды даярлауға мүмкіндік беріп отыр.
Қазақстан чемпионатындағы жоғары нәтиже Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жүйелі спорт саясатының нақты жемісі екенін көрсетті. Жарыс қорытындысы өңір спортшыларының әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеп, алдағы республикалық және халықаралық жарыстарда да жаңа жеңістерге жол ашатыны сөзсіз. Түркістандық ескекшілердің бұл жетістігі жас спортшыларға үлгі болып, өңірде су спортының одан әрі қарқынды дамуына серпін береді.