ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА МҰНАЙ ӨНІМДЕРІ НАРЫҒЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ ЖӘНЕ ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛДЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ



Түркістан облысында жанар-жағармай нарығындағы тұрақтылықты сақтау, халық пен кәсіпкерлік субъектілерін мұнай өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету және заңсыз тасымалдың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Облыс әкімдігі тарапынан қабылданған кешенді шаралар өңірдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге, нарықтағы заңсыз айналымды азайтуға және мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.

Осыған байланысты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің тапсырмасына сәйкес, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мемлекеттік органдардың қатысуымен Қазығұрт және Сарыағаш аудандарында арнайы мониторинг жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен қатар құқық қорғау және бақылаушы мекемелердің мамандары тартылып, жанар-жағармай саудасы жүзеге асырылатын нысандардағы жағдай жан-жақты зерделенді.

Мониторинг барысында автожанармай құю станцияларындағы баға саясаты, мұнай өнімдерінің жеткілікті қоры, өткізу тәртібі және қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуы тексерілді. Сонымен бірге аудан әкімдіктері мен жанар-жағармай сатумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне әлеуметтік маңызы бар міндеттерді сақтау, бағаны негізсіз көтермеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бақылау қорытындысы бойынша аудан әкімдіктері мен сауда нысандарының басшыларына жанар-жағармай бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, өнім тапшылығына жол бермеу және мұнай өнімдерін заңсыз сыртқа шығарудың алдын алу жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдарға нарықтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, туындауы мүмкін тәуекелдерге жедел әрекет ету міндеті қойылды.

Мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалын болдырмау мақсатында мемлекеттік шекарадағы бақылау да күшейтілді. Атап айтқанда, «Қапланбек» шекаралық өткізу бекетінде Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасының қызметкерлері тәулік бойы бақылау жұмыстарын жүргізуде. Олар жанар-жағармай өнімдерінің заңсыз шығарылуына жол бермеу, заң бұзушылықтардың алдын алу және күмән тудыратын жүк тасымалдарын анықтау бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда.

Мониторинг барысында жанар-жағармай тасымалдайтын көлік құралдарына арнайы тексерулер жүргізіліп, заңсыз айналымның жолын кесуге бағытталған бақылау шаралары күшейтілді. Әрбір тасымал қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тексеріліп, қажетті құжаттардың болуы мен өнімнің шығу тегі мұқият зерделенуде.

Жыл басынан бері жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 77 құқық бұзушылық дерегі анықталды. Заң талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, жалпы сомасы 4,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру және заңсыз айналыммен күресті күшейту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Түркістан облысының Кәсіпкерлік және сауда басқармасы жанар-жағармай нарығындағы тұрақтылықты сақтау өңір экономикасы мен тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқаты үшін маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтеді. Осыған байланысты мұнай өнімдерінің қорын тұрақты бақылау, нарықтағы баға өзгерістерін күнделікті мониторингтеу, заңсыз тасымал мен көлеңкелі айналымның алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Облыс әкімдігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мұнай өнімдері нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатындағы кешенді шараларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Қазіргі таңда өңірдегі жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты бақылауда, ал жауапты мекемелер ахуалды тәулік сайын саралап, қажетті шараларды уақытылы қабылдап отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *