Түркістан қаласында жаңа Конституцияның негізгі бағыттары мен 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық Заңның мазмұнын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті. Басқосу елдегі құқықтық реформалардың маңызын түсіндіру, қоғамдық келісімді нығайту және азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.
«Достық үйінде» өткен іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің мүшелері, Ғылыми-сарапшылық топ өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы жаңа Конституцияның елдің құқықтық жүйесін жетілдіруге, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды құжат екенін атап өтті.
Оның айтуынша, қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді байланысты нығайту, халықтың ұсыныстары мен бастамаларын ескеру – тұрақты дамудың негізгі факторларының бірі. Осы ретте Қазақстан Халық Кеңесінің қоғамдық диалогты дамытудағы орны ерекше екеніне тоқталды.
– Жаңа Конституция – еліміздің құқықтық және қоғамдық дамуының берік негізі. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайту. Бұл бағытта Қазақстан Халық Кеңесі мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты арттыратын маңызды алаңға айналады.
Түркістан облысында қоғамдық келісімді сақтау, этносаралық татулықты нығайту және азаматтық бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Қоғамдық келісім» мекемесі этномәдени бірлестіктермен және қоғамдық құрылымдармен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береді, – деді Ертай Алтаев.
Дөңгелек үстел барысында жаңа заңның негізгі бағыттары, конституциялық реформалардың қоғам өміріндегі маңызы және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету тетіктері жан-жақты талқыланды.
Облыстық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Данияр Аюпов этномәдени бірлестіктердің қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластығы мен ортақ құндылықтарға негізделген бірлігі – ел дамуының маңызды тірегі.
Ал облыстық Ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Ғани Исаев жаңа Конституциялық заңның мазмұнына тоқталып, құқықтық реформалардың мәні мен қоғам үшін маңызын түсіндірді. Ол заңнамалық өзгерістердің азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу барысында Кентау қалалық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Елена Стребкова мен Сарыағаш аудандық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Алипаша Хинизов сөз сөйлеп, Қазақстандағы этносаралық татулық пен өзара сенім құндылықтарының маңызын атап өтті.
Спикерлердің айтуынша, бейбітшілік пен келісім – еліміздің басты жетістіктерінің бірі. Сондықтан қоғамдық келісімді сақтау, мәдениеттер арасындағы байланысты нығайту және ортақ азаматтық құндылықтарды дәріптеу әрбір азаматтың ортақ міндеті болып табылады.
Сондай-ақ «Ел жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Надиржан Хасантаев жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуы, елдің дамуына үлес қосуы және ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы жауапкершілігі туралы пікір білдірді.
Жиын барысында жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі, азаматтық қоғам институттарының өзара ықпалдастығын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Қатысушылар қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және азаматтар арасындағы байланысты күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауатын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және халықпен тұрақты кері байланыс орнату бағытындағы ұсыныстар айтылды.
Дөңгелек үстел қорытындысында қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың бастамаларын қолдау, жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау және қоғамдық құрылымдардың өзара іс-қимылын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар жинақталды. Аталған ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, олардың орындалуы белгіленген тәртіппен қарастырылатыны айтылды.
Іс-шара жаңа Конституцияның мәні мен маңызын түсіндіруге, қоғамдағы өзара сенім мен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды алаң ретінде өз нәтижесін көрсетті.