ТҮРКІСТАНДА ЕҢБЕГІМЕН ДАРАЛАНҒАН ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІКТЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін Түркістан облысының орталығында «Түркістанды түлеткен» атты жылдың үздіктерін марапаттау іс-шарасы өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, өз саласында елге адал еңбек етіп, үздік атанған көшбасшы жандарды құттықтады. Жыл қорытындыланған маңызды жиында еңбегімен еленіп, көпке үлгі болған бірқатар азаматқа «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдары табысталды.
Биыл наурыз айында Түркістан облысында «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы өткен болатын. Аймақтарды көгалдандыру, абаттандыру, бағыттары сараланған байқауда нағыз үлгілі ауылдар анықталды. Байқау нәтижесінде бас жүлдеге Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылы, І орынға Шардара ауданы, Көксу ауылы, ІІ орынға Сарыағаш ауданы, Мәдениет ауылы, ІІІ орынға Созақ ауданы, Жартытөбе ауылы лайық деп танылды. Келесі жылы ол ауылдарға бір-бір әлеуметтік нысаннан салынады. Салтанатты кеште өз саласы бойынша үздік атанғандарға 40 номинация бойынша құрмет көрсетілді.
Кеште музыкалық-хореграфиялық қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Облыстың үздік өнерпаздары мен Қазақстанның эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Айта кетейік, биыл Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толды. Осы уақытта аймақтың инфрақұрылым дамып, ішкі жалпы өнімі артып, әлеуеті көтеріле түсті. Аймақта өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген.
