Түркістан облысында машина жасау өнеркәсібін дамыту қолға алынды. Отандық шағын габаритті арнайы техника мен коммуналдық қондырма жабдықтарын шығаратын өндіріс орны өңірдегі шағын өндірістік паркте орналасқан.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK Turkistan» өндірістік паркін аралап көрді. Сауран ауданында орналасқан «BNK GROUP LTD» ЖШС кәсіпорнында болып, басшыларымен кездесті.
Жұмыс жоспарына сәйкес, бұл зауытта жылына 1 мың арнайы техника шығару көзделген. Жоба биыл жүзеге асады деп жоспарланған. Айта кетейік, осы зауытта елімізде алғаш болып жаңбырлатып суару машиналары шығарыла бастады. Бүгінде Түркістанда жасалған өнімге сұраныс артқан. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK Irrigation» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.
