Қазақтан шыққан тұңғыш тракторшы әйел 99 жасқа толды



Қостанай облысы Тобыл өңіріндегі тұңғыш тракторшы әйел Ғайникамал Тәткенова 99 жасқа толды. Көнекөз қария бұл күндері ұл-қызының қызығына кенеліп, шөбере-шөпшек қолынан су ішіп отыр, деп хабарлайды «Derek.com.kz» ақпараттық порталы «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Әкесінен үш жасында айрылып, анасына қолқанат болған Ғайникамал әже еңбекке ерте араласқанын айтады. Тыл ардагері сұрапыл соғыс жылдары трактор тізгіндеп, жеңіс күні жеткенше қырда еңбектенген.

«Басқарма тракторшыға барасың әйтпесе ПЗУ-ға жіберем деді. Шешем үш баламен үйде. Жаман уақыт. Аштық уақыт. Соғыс уақыты. Сосын не істейін, сол Боровойда қыстай оқыдым трактор оқуын. Сосын тракторшы болып, соғыс біткенше трактор айдадым», — дейді Ғайникамал Тәткенова. Кейуана әлі тың. 99 жасқа келсе де іс тігіп отыр. Еңбек қана адамды еңселі етеді. Ұрпағыма да осыны үнемі айтып отырам, дейді ғасыр жасаған қария. «Неше түрлі ауыр жұмыс істей жүріп өзім кілем тоқып, кісілерге іс тіктім. Көрпе тігіп, камзол тігіп оларға іс істедім. Пенсиям жақсы. Бәрі бар. Ал бірақ сонда да адам еңбек ету керек шама келгенше», — дейді ол.

Бір қолымен колхозға жұмыс істеп, екінші қолымен бесік тербеткен алтын құрсақ ана он балаға тағылымды тәрбие беріп, қатарынан қалдырған жоқ. Ұл-қызы түгел іргелі оқу орындарын тәмамдап, еліне елеулі қызмет етті. Үлкен баласы 78 жаста, кенжесі алпыста.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *