
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан төрінде Созақ ауданының мәдениет күндері өтті.
Бүгін Этноауыл аумағында салт-дәстүрлерге байланысты көріністер, ұлттық тағамдар мен қолөнер шеберлері жасаған бұйымдардан және аудандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті.
«Теріскей – таланттар мекені» атты аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы, «Қырық өтірік» тақырыбында көше театры стиліндегі көрініс-қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.
Дәстүрлі әндер шырқалып, төл өнеріміз дәріптелген мерекелік шараны шетелден келген туристер де қызыға тамашалап, шад-шадыман күйге кенелді.
Бұған дейін, «Керуен сарай» кешенінде аудан өнерпаздары және эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтіп, түркі әлемінің рухани астанасы әсем әнмен тербелді.
Жиналған қонақтардың қарасы артып, шараны қызыға тамашалады. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі әншілері мен «Әзіл әлемі» театрының актері Аманғали Спабеков, танымал эстрада жұлдыздары Зарина Омарова, Бағдат пен Дима және «RIO» тобы өз өнерлерін паш етіп, мыңбұралған бишілер көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Шараны «Байдың балалары» жайдарман тобының капитаны Нұрым Досбол және жайдарманшы Жанболат Досбол жүргізіп, мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Екі күнге созылған Созақ ауданының мәдени күндері тәмамдалды.