Өткен жылы Қазақстанның автокөлік өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,9 триллион теңгеге дейін жетті. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1,8 триллион теңге болған. Өндіріс көлемінің басым көпшілігі Allur зауыты орналасқан Қостанай облысына тиесілі.
Қазақстан автокөлік өнеркәсібі өндірісінің 1 триллион теңгесі Қостанай облысына тиесілі. Мұнда еліміздің ең ірі автомобиль зауыты — Allur орналасқан.
Алматы қаласындағы автомобиль өнеркәсібінің өндіріс көлемі – 567,9 миллиард теңге. Бұл қалада Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Auto автозауыттары істейді. Ал QazTehna автозауыты орналасқан Қарағанды облысындағы өндіріс көлемі 130,6 миллиард теңгеге жетті. Қалған өңірлердің үлесі автокөлік, тіркеме және жартылай тіркеме өндірісінің жалпы көлемінің 10%-ынан астамына тең.
Қазақстанның машина жасау саласында автокөлік өндірісі маңызды рөл атқарады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, автоөндірістің машина жасау саласындағы үлесі – 41%, елде өңделетін барлық өнеркәсіптегі үлесі — 8%.
Бұл көрсеткіш өңірлерде одан да жоғары. Мәселен, Қостанай облысында автомобиль өндірісі машина жасау саласының 85,2%-ына, аймақтағы өңделетін барлық өнеркәсіптің жартысына тең. Алматыда автоөндірістің машина жасауда үлесі — 72,3%, мегаполисте өңделетін барлық өнеркәсіптегі үлесі — шамамен 30%.
Алдағы уақытта автомобиль өндірісінің осы салалардағы үлесі одан әрі өседі деген болжам бар. 2024 жылы автомобиль өнеркәсібіне салынған инвестициялар 189,8 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 21 есе, ал 2023 жылмен салыстырғанда 5,3 есе көп.
2024 жылы Қазақстанда 144,7 мың автомобиль өндірілді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 2%-ға аз. Өндірілген көліктердің 63%-ы Allur зауытына тиесілі. Олар бір жылда 90,5 мың транспорт техникасын жасап шығарды. Айта кетері, Allur автозауыты автоөндірістегі үлесін төрт жыл қатарынан 61-63% аралығында көрсетіп отыр.
Екінші орында Hyundai Trans Kazakhstan алды. Олар 45,4 мың автомобиль (31,4%) өндірген. Олардың бұл көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда 7,1%-ға аз. Қалған автозауыттар 8,8 мың автомобиль шығарды.